Алматыда бүліктен келген шығынды өтеу тетігі іске қосылады

Алматыдағы бүліктен келген залал көлемі шамамен 112 миллиард теңгеден асты. Шығындарды есептеу әлі де жалғасып жатыр. Жақын күндері шығынды өтеу тетігі іске қосылады.

Тәртіпсіздіктерден келген залалды бағалау жөніндегі комиссия мегаполисте 243 нысанды қайта қалпына келтіру керектігін анықтаған. Олардың 27-сі мемлекеттік мекеме ғимараты. Ал 216-сы шағын және орта бизнес нысаны. Сонымен қатар тәртіпсіздік барысында алаңға жақын орналасқан 37 тұрғын үйге де айтарлықтай зақым келген.

Бақытжан Сағынтаев, Алматы қаласының әкімі:

- Тәртіпсіздік салдарынан Назарбаев даңғылы мен Сәтпаев көшесінің қиылысында - алаңда орналасқан тұрғын үйлер де зақымданған. Оқ тиіп, терезелердің, балкондардың сынғанын көрдік. Тіпті оқтың ұшқыны пәтерге дейін кірген. Тоңазытқыштар сынған. Осы мәселе бойынша пәтер иелері кооперативімен бірге жұмыс істеу тапсырылды. Себебі барлық шығын жергілікті бюджет есебінен өтеледі.

Кәсіпкерлердің де шығыны шаш етектен. Штаб отырысына қатысушылардың айтуынша, бизнеске 67 миллиард теңгеден астам залал келген. Бұзақылардың әрекетінен әсіресе шағын және орта бизнес көп зардап шеккен. Атап айтқанда, шығынға ұшыраған 1563 кәсіпкерлік субъектісі анықталып отыр. Олардың ішінде ірі бизнес саны 68 компания, орта бизнес бойынша 80 кәсіпорын, шағын бизнес 1455-тен асады.

Айтуар Қошмамбетов, Алматы қаласы бойынша кәсіпкерлер палатасының директоры:

- Жақын арада кәсіпкерлерге келтірілген шығынды өтеу тетігі үкіметтен енгізілетін болады. Кәсіпкер инфо Қазақстан сайты арқылы қажетті құжатарды қоса бере отырып, өтемақы төлеуге өтініш береді. Өтінішке электронды қолтаңба қойылады. Өтінішті комиссия қарап, мемлекеттік бюджеттен қаражат беріліп, нақты кәсіпкерге жіберілетін болады.

Қазіргі уақытта әр сауда үйінде полиция департаментінің қызметкерлері кәсіпкерлерден сол жерде өтініштер қабылдауда. Қала әкімінің айтуынша, барлық өтініштер дер кезінде әрі ешқандай әуре-сарсаңсыз қарастырылады. Айта кетейік, қазіргі уақытта 9 нысан қоқыстан тазартылып, бүгіннен бастап қолданысқа берілді. Ғимараттарды тазалау жұмыстарына 20 құрылыс компаниясы атсалысқан.

Гүлжан Көленқызы, Радик Жакупов