425,02 450,91 6,80
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

ҚР премьер-министрі инфляцияның өсуіне жол бермеу жұмысын күшейтуді тапсырды

  • 172
  • UPD: 11:40, 18.01.2022
ҚР премьер-министрі инфляцияның өсуіне жол бермеу жұмысын күшейтуді тапсырды Knews.kg

ҚР премьер-министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында инфляцияның өсуіне, азық-түлік пен мұнай өнімдері бағасының көтерілуіне жол бермеу шаралары қаралды.

Премьер-министр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Парламент Мәжілісінде сөйлеген сөзінде инфляция мәселелеріне ерекше көңіл бөліп, бағаларды тұрақтандыру міндетін қойғанын атап өтті.

«Инфляция деңгейі өткен жылы қыркүйектегі 8,9%-тен желтоқсанда 8,4%-ке дейін төмендеді. Бірақ бұл да – жоғары көрсеткіш. Бұл адамдардың сатып алу қабілетін төмендетіп, жалақыларының құнсыздануына әсер етеді. Тұтастай алғанда, мемлекеттің экономикалық және әлеуметтік саясатының тиімділігін төмендетеді. Сондықтан инфляция мен баға тұрақтылығына ерекше маңыз беріліп отыр», – деді Ә.Смайылов.

ҚР премьер-министрінің баспасөз қызметінің мәліметінше, Үкімет басшысы азық-түлік тауарларын өндіру көлемін арттыруға, ішкі нарықта тауарлардың жеткілікті болуына, энергия көздеріне баға белгілеу тетігі мен ақылы қызметтердің тарифтерін қайта қарауға мүмкіндік беретін жүйелі шаралар қабылдау қажеттігін атап өтті.

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне монополияға қарсы шара қолдану және делдалдық схемаларды тексеру бойынша жұмысты күшейту тапсырылды.

«Біз жауапсыз сатушылар мен алып-сатарларға бағаны негізсіз өсіру есебінен пайда табуға жол бермеуіміз қажет», – деді Ә.Смайылов.

Өңірлердің әкімдіктеріне үстеме баға мен шекті бағаны бақылау жұмысын күшейту, Қаржы министрлігіне Сауда және интеграция министрлігімен бірлесіп, нақты тауарларды импорттау немесе өндіру кезінен бастап оларды сатуға дейін міндетті түрде электрондық шот-фактураларды жазып беру бойынша пилоттық жобаны жүргізу мәселесін пысықтау тапсырылды, бұл алып-сатудың әрбір деңгейінде үстеме бағаға мониторинг жүргізуге мүмкіндік береді.

Ішкі нарықты қамтамасыз ету үшін Ауыл шаруашылығы министрлігіне ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру мен тұтыну көлемін есептеп, қажет болған жағдайда сыртқа сату бойынша шектеулер қою тапсырылды.

Энергетика министрлігіне бір ай ішінде мұнай өнімдерін өндіру және сату құрылымын реформалау бойынша заңнамалық түзетулерді дайындау тапсырылды.

«Мұнай өнімдерін жеткізу тізбегін қысқартып, баға белгілеу практикасын талдау қажет», – деді Ә.Смайылов.

Үкімет басшысы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен бірлесіп, көмір бағасын өткен жылғы деңгейде сақтап қалу үшін заңға сәйкес шаралар қабылдауды тапсырды.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне толық жұмыс істемей тұрған немесе тоқтап тұрған тамақ өнеркәсібі кәсіпорындарына мониторинг пен талдау жүргізіп, олардың толықтай жұмыс істеуі үшін шараларды іске асыру тапсырылды.

Ұлттық экономика министрлігіне мемлекеттік органдармен бірлесіп, осы жылғы 1 ақпанға дейін Үкіметке Инфляцияны бақылау және төмендету жөніндегі шаралар кешенін енгізу тапсырылды.

Хабар 24 телеарнасы