Петропавлда айып тұрағында жылдар бойы тұрған көліктер сатылады

Петропавлда айып тұрағында жылдар бойы шаң басып тұрған көліктер сатылады. Иесі табылмаған жағдайда қалалық әкімдік қызметкерлері оларды аукционға шығарады.

Көлік сатудан түскен қаржы қайда бағытталады? Темір тұлпарды өткізу тәртібі қандай? 

Бұл Солтүстік Қазақстан облысындағы жалғыз айып тұрағы. Қазір мұнда қымбаты бар, ескісі бар барлығы - 344 көлік тұр. Ендігісі сыймайды. Бір гектарға жуық аумақта темір тұлпар қоятын басқа орын жоқ.

Руслан Призняков, айып тұрағының күзетшісі:

- Кейбір көліктердің тұрғанына 6 жылдан асып кетті. Қазір айып тұрағында орын жоқ. Мысалы, ауыр техника мүлдем сыймайды. Сондықтан дуалдың ар жағына қоямыз.

Қалалық әкімдік қызметкерлері бұл мәселені шешу үшін айып тұрағына тағы бір гектардай жер қосып, көптен бері тұрған көліктерді сату туралы шешім қабылдады. Олардың айтуынша, иесі жоқ темір тұлпарлар аукционға шығарылады.

Жанболат Батырбеков, қала әкімінің орынбасары:

- Жалпы аукционға 10-ға жуық көлік шығарылады деп жоспарланған. Қазір полиция және экономикалық тергеу департаменттері мүлікті иесіз деп тану шараларын жүргізіп жатыр. 

Алғашқы аукционға 3 көлік қойылды. Олардан түскен қаржы мемлекет қазынасын толықтырады.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Руслан Әлиев