Қолжетімді автонесие беру жолдары қаралып жатыр

Жеңілдетілген автонесие арқылы көпшіліктің көлікке қолжетімділігі артады. Отандық сарапшылар осылай дейді.

Мамандардың айтуынша, арнайы бағдарламалар қабылдануы қажет. Сонда ғана тұрғындарға салоннан көлік алу мүмкін болады.  

Утилизациялық алымның жаңа тарифтері ақпан айының соңына дейін қаралады. Бұл туралы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі хабарлады. Сарапшылар автокөліктерді қолжетімді ету мақсатында жеңілдетілген несие бағдарламаларының бірнеше түрін әзірлеуді ұсынып отыр. "Ортақ жол" Жол қозғалысы қауіпсіздігі қауымдастығының директоры Арсен Шакуов бұл ең тиімді ұсыныс дейді.

Арсен Шакуов, "Жалпы жол" жол қозғалысы қауіпсіздігі қауымдастығының директоры:

- Ресейлік серіктестер сияқты бағдарламалардың бірнеше түрін жасау керек. Мысалы, «алғашқы көлік», «жас отбасы» сынды әлеуметтік қызметкерлер, ауылдық жерлердегі жалақысы аз жандарға арналған бағдарлама қажет. Бұл әр адам үшін тиімді болар еді. Осы бағдарламаларды қайта өңдеу қорынан қаражаттарды субсидиялауға болады.

Утилизациялық алымнан түскен қаржыны жеңілдікпен берілетін авто бағдарламаға қолдану көршілес елдердің тәжірибесінде бар. Бұл туралы осы салада жұмыс істейтін халықаралық компания мамандары айтып отыр.

Андрей Томашев, ТМД Автомобиль саласындағы компанияларға қызмет көрсету тобының жетекшісі:

- Тұрғындарға жеңілдетілген несиелеу арқылы көлік беру бағдарламасы бар. Бұл тәсіл арқылы тиімді бағада автокөліктерді алуға мүмкіндік туады. Оның ішінде коммерциялық техникаға лизинг қарастырылған. 

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі қазірде қолжетімді автонесиелеудің түрлі нұсқалары қарастырылып жатқанын айтты.

Елжас Сапарбеков, ҚР ИИДМ Индустриялық даму комитеті төрағасының орынбасары:

- Несиелеу бойынша түрлі жаңа әдістер қарастырылып жатыр. Тұрғындардың жағдайына қарай жекелей шешіледі. Мәселен, әлеуметтік қызметкерлер, көп балалы отбасы, мүмкіндігі шектеулі азаматтар бар деген сияқты. Олардың табыс көздері де назарға алынады.

Ведомство өкілдерінің айтуынша, утилизациялық алым мөлшерін азайтқанмен жаңа көлік құны айтарлықтай төмендемейді. Бірақ елде ескі көлік қаптап кетуі мүмкін дейді.

Айнұр Қуатқызы