Astana Group басшысы отандық өнеркәсіптің осал тұстарын Президентке жеткізді

Отандық өндіріске нақты индустриялық саясат пен білікті мамандар қажет. Бұл өнеркәсіпті қарқынды дамытуға арналған мәселелердің бір бөлігі ғана. Белгілі бизнесмен Нұрлан Смағұлов осындай пікірде, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ол бүгін Мемлекет басшысына өз идеясын тікелей жеткізді. Сондай-ақ утилизациялық алым мәселесіне де тоқталды.

Бұл былтыр Алматыда ашылған автокөлік зауыты. Кәсіпорын іске қосылған бетте 700 жаңа жұмыс орны ашылды. Ал мұннан шыққан көлік құралдары Қазақстанмен қатар жақын шетел жолдарында жүйткиді. Ірі компания басшылығы тағы бір зауыт салуды жоспарлап отыр. Алайда мұның да әттеген-ай дейтін тұсы бар деді. Нұрлан Смағұлов Президент алдында сөйлеген сөзінде отандық өнеркәсіптің осал тұстарын атап өтті.

Нұрлан Смағұлов, Astana Group компаниясының басшысы:

- Біз зауыттар салып, қауырт жұмыс істегіміз келеді. Бұған бізде барлық мүмкіндік бар. Мемлекет кәсіпкерлерге қамқорлық жасап отыр. Алайда бізге нақты және түсінікті индустриялық саясат қажет. Сонда біз одан әрі тиімді келіссөздер жүргізіп, ірі инвесторлар тарта аламыз.

Сарапшылар жаңа өндіріс орнын ашу үшін өнеркәсіптік және инвестициялық әлеует қажеттігін айтады. Алайда техника тілін түсінетін маман тапшылығы қол байлау. Техникалық мамандардың тапшылығын бүгін Президенттің өзі де айтқан болатын. Осы тұста бизнесмен Нұрлан Смағұлов елге білікті инженерлер керек деді.

Нұрлан Смағұлов, Astana Group компаниясының басшысы:

- Академия құрып, қызметкерлерді дайындап жатырмыз. Тәжірибе алмасу мақсатында оңтүстіккореялық бір компанияның вице-президентін арнайы шақырдық.

Нұрлан Смағұлов утилизациялық алым мәселесін де сөз етті. Бизнесмен, өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері операторы қызметінің мемлекет меншігіне өткенін қолдап отыр. Тұрғындарды отандық көлік құралдарын сатып алуға ынталандыру шараларын қабылдау маңызды дейді кәсіпкер. Айта кету керек, автокөліктерді көпшілікке қолжетімді ете түсу үшін жеңілдетілген бағдарламалар әзірленіп жатыр.

Айнұр Қуатқызы