Билік пен бизнес: отандық кәсіпкерлерді не алаңдатады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет жанынан Отандық кәсіпкерлер кеңесін құруды тапсырды, деп хабарлайды «Хабар 24»

Сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық реформалардың әрбір бағыты бойынша бизнес өкілдерінің қатысуымен жобалық топтар құру қажет деді. Ал кәсіпкерлер өз саласы бойынша кездесетін кедергілерді баяндап, шешу жолдарын ұсынды.

Жиын ашық форматта өтті. Әуелі президент «Жаңа Қазақстанды» жасау бағытындағы ұстанымдарын, осы бағытта атқарылатын іс-шара жоспарын байыппен баяндады. Сосын кезекті кәсіпкерлерге беріп, әрбірінің сөзін мұқият тыңдады. Қалауы бойынша оншақты адам ой айтты. Соның бірі - Болатбек Әлиев.

Халықаралық тасымал және бақша өнімдерін өсірумен айналысатын компаниялардың басшысы. Айтуынша, Қазақстанда жүкті көлікпен тасымалдау қызметінің шамамен 30 процентін ғана отандық компаниялар жүзеге асырады. Қалғаны шетелдіктердің еншісінде. Өйткені өзгеге берілген мүмкіндік өзімізге жетпейді.

Болатбек Әлиев, кәсіпкер:

- Біз бәсекеге неге қабілетсіз болып отырмыз. Өйткені бізде алғашқы тіркеу бар, утилизациялық алым бар. Көлік паркіміз ескі. Еуропалық талапқа сай келмегендіктен кәрі құрлыққа кіре алмаймыз. Үкімет Қазақстан темір жолы, су және әуе қатынастарына көмек береді, бірақ көлік тасымалына назар аудармай келеді. Екіншіден біз қоршаған ортаны қорғауға салық төлейміз. Ал мемлекет аумағымен өтетін, шетелдіктердің бірде біреуі осындай төлем жасамайды. Біз төлеуден қашпаймыз. Бірақ өзгелер де төлесін. Қаржы біздің мемлекеттің қазынасына түседі.

Тауар экспортына шектеу енгізу де экономика заңына қайшы. Әрине бұл ішкі нарықты қажетті азық-түлікпен қамту мақсатында жасалады. Алайда ұзақ мерзімді жоспарда дәл сол саланы тұралатып тастауы мүмкін. Өйткені экспортқа шек қою тауар өндірушіні тығырыққа тірейді.

Болатбек Әлиев, кәсіпкер:

- Мәселен, Өзбекстан нарығына алма апарайын десек, 20 түрлі құжат дайындау керек. Ал олар бізге фитосанитарлық сертификат пен тауар тасымалдау құжаты яғни екі ғана құжатпен кіре береді. Бізде импортерлерге жағдай жасалған. Бізге де осындай мүмкіндік берілсе дейміз. Стратегиялық тұрғыдан қарағанда егер тауар экспортына шектеу енгізе берсе, оны өндіруге ешкім бармайды. Өйткені сенім жоқ. Мысалы, маған қазір Түркістан облысынан жем шығаратын зауыт сал деп ұсыныс жасап отыр. Бірақ менің күмәнім бар. Өйткені былтыр жемді экспорттауға тыйым салды. Осындай жағдайлар инвесторларды шошытып жатыр.

Кәсіпкерлердің айтуынша, елдің статистикалық есебінде қателік көп. Санақтар салғырт жүргізіледі немесе ықпалдылардың жетегімен кетеді. Мәселен, қазір еліміз сұранысқа қжетті 2 миллион тонна картоптың орнына 4 млн тонна өнім алды. Десе де экспортқа шектеу бар. Осыған байланысты статистикалық санақты шынайы жүргізуді ұсынды. 

Мемлекет барлық кәсіпкеріне қамқор болуы керек. Әйтпесе көзге ілінбей қалатындар көп. Мәселен, қаңтардағы тәртіпсіздік кезінде бірнеше сауда желісі жапа шекті. Соның бірі - тұрмыстық техника сататын елдегі ірі желілердің бірі. Бірақ ірі болғаны үшін жергілікті билік көмек бере алмайды. Өйткені қолдау бірінші кезекте шағын және орта бизнеске бағытталған.

Эдуард Ким, кәсіпкер:

- Орта бизнесте штат саны 260 адамнан аспауы керек. Одан асса ірі бизнес болып есептеледі. Айналым бойынша да сондай. Жергілікті билік бізге сіз орта бизнеске жатпайсыз деп ешқандай қолдау көрсете алмайды. Біздің компанияда 6 жарым мың адам жұмыс істейді. Мемлекеттен ешқандай жеңілдік алмаймыз. Есесіне жергілікті және республикалық бюджетке ең көп салық төлеушілердің біріміз. Алайда осындай кезде қолдау жоқ. Сонда біздің кінәміз не? Өз мүлкімізді өзіміз қорғай алмағанымызда ма?

Бұл сауалдың жауабын Үкімет басшысы Әлихан Смайылов берді. Қолдау бәріне болады. Бірақ қаржылай емес. Себебі мемлекет қазынасы жете бермейді. Десе де кәсіпкерлермен жеке келіссөз жүргізіп, қаржыға балама көмек беругеуәде етті. Мәселені назарда ұстауды Президент те тапсырды.

Жалпы қазір елде нарық сұранысына сай маман жетіспейді дегенді бәрі айтты. Кәсіпкерлер өздері оқытуға ниетті. Бірнешеуі мұны қолға алған. Мәселен, Кентау трансформатор зауыты бес жылдан бері жергілікті колледжбен бірлесіп, дуалды білім берумен айналысып келеді. Алайда өзге өңірлерде жүзеге асыру мүмкін болмай тұр. Өйткені сенімгерлік басқаруға алуда кедергі көп.

Сайдулла Кожабаев, кәсіпкер:

- Сенімгерлік басқаруға алу процесі өте қиын. Егер жеңілдетсе, кәсіпорын орналасқан өңірде дуалды оқу жүйесі бойынша техникалық мамандарды оқытар едік.

Жиында бизнесті қолдау тетіктерін жетілдіру, олардың халықаралық деңгейде бәсекеге қабілеттілігін арттыру мәселелері талқыланды. Сондай-ақ мемлекеттік сатып алу кезінде заңды бұзғандарға жазаны күшейту сөз болды. Оңтүстік Корея үлгісі бойынша әлемдік деңгейдегі 300 жоба деп аталатын мемлекеттік бағдарлама жасау ұсынылды. Енді барлығы жан-жақты сараланады, қажет болса жиын тағы да өткізіліп, жоспарлар жүйеленбек.

Талғатбек Әбдіқожа