Шымкентте «Бастау Бизнес» арқылы қайтарымсыз қаржы алған тұрғын шеберхана ашты

Шымкентте мемлекеттік қолдаудың арқасында қайтарымсыз қаржы алып, кәсібін кеңейткен жастар саны артты. Сондай-ақ оларға берілетін грант көлемі екі есеге ұлғайды.

Қаржылай қолдауға қалай қол жеткізуге болады? 

«Бастау Бизнес» жобасы арқылы қайтырымсыз қаржыға ие болған Бекжан Ерназаров үйінің маңынан шағын шеберхана ашты. Құрал-сайманын жаңалап, керек-жарағын сайлады. Жұмысшысы екеуі заманауи үлгіде сандықтың түр-түрін жасап шағарады. Онысын әлеуметтік желі арқылы саудалап, базарға шығарады.

Бекжан Ерназаров, кәсіпкер:

- Осы грантты ұтып алғаннан кейін аппараттар алдық. Қазір аппараттармен кесіп жатырмыз. Бастапқыда сәл аздау еді. Қазір көбейіп жатыр. Күніне екі комплект шығарып жатырмыз. Құдай қаласа, кеңейіп жатсақ тағы екі адамды алуға әрекет жасаймыз.

Ал үш баламен үйде отырған Кәмшат тәтті тағам өндірісін жолға қойды. Үй жағдайында онлайн курсқа қатысып, кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгерген. Бизнес жоспарын сәтті қорғап, мемлекеттік қолдауға ие болды. Қайтарымсыз қаржының арқасында қажетті ас үй техникасына қол жеткізді. Қазір тәтті тағамын тапсырыспен жасап, тұтынушыға таксимен жеткізіп береді.

Кәмшат Махмұт, кәсіпкер:

- Бизнес план құру керек екенін бір торттың расходын қалай есептеп шығу керектігін барлығын анық-қанығына дейін толығымен үйретті. Алдыңғыға қарағанда тапсырыстар да көбейе бастады. Күнделікті 200 мыңға - 300 мыңға дейінгі тапсырыс жасаған күндерім де болды осы жаңа жылдың алдында.

Былтыр 784 азаматқа қайтарымсыз грант берілді. Түрлі саланың дамуына үлес қосып жүрген жандардың саны биыл одан екі есеге артады. Грантқа бөлінген қаражат та 200 АЕК көлемінен 400 АЕК-ке ұлғайды.

Балмаржан Нарбекова, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы:

- Бұл грантты алу үшін АСП алушы отбасыларының мүшесі болуы керек. Оқудан өту керек үш айлық курстан. Одан бөлек жұмыссыз ретінде біздегі «Еңбек.кз» порталында жұмыссыз ретінде тіркелуі керек. Өздерінің бизнес жобаларын жазып, бізден қорғаудан өтеді. Сол өткен азаматтар комиссияның шешімімен бұл гранттарды алады.

Өткен жылы Шымкентте «Еңбек» бағдарламасы арқылы 35 мыңнан астам азамат жұмыспен қамтылды. Бірі төл бизнесін ашса, екіншісі тұрақты жұмысқа орналасқан.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов