Кеншілер мөлшері 5%-тен аспайтын жеңілдетілген ипотека рәсімдей алады

Қарағандылық кеншілер мен металлургтер мөлшері 5%-тен аспайтын жеңілдетілген ипотека рәсімдей алады. Жаңа бағдарлама 5 жыл жұмыс істейді.

Бұл үшін Қарағанды облысының әкімдігі жыл сайын бюджеттен 1 млрд теңге қаржы бөліп отырмақ. Бұл бастаманы жергілікті атқарушы билік "Отбасы банкімен" бірлесіп жүзеге асырады. Жаңа ипотекалық бағдарлама бойынша несие бастапқы жарнасыз 19 жылға дейін беріледі. Алатын пәтердің құны 15 млн теңгеден аспауы тиіс. Ипотекаға қатысушылар баспананы жаңадан салынған немесе бұрын бой көтерген үйлерден де таңдай алады. Егер пәтердің құны несиеден көп болса, сатып алушы жетпейтін ақшаны өз қаражатынан немесе зейнетақы қорында артылған қаржысы есебінен төлей алады. Ипотека алу үшін қажетті құжаттарды болат және көмір департаменттерінің кәсіподақтарына тапсыруға болады.