Батыс өңірлерді дамытудың кешенді жоспары: 175 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады

ҚР Премьер-Министрі Ә.Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында батыс өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарлары қаралды.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров жаңа жоспарлар әзірлеу және қолданыстағы жоспарларды өзектендіру туралы баяндады. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарын дамытудың 2022-2025 жылдарға арналған жаңа кешенді жоспарлары әзірленді, сондай-ақ қолданыстағы Атырау және Маңғыстау облыстарын дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарлары өзектендірілді. Министрдің айтуынша, батыс өңірлерді дамытудың 4 кешенді жоспарын қаржыландырудың жалпы көлемі 15,3 трлн теңге, оның ішінде республикалық бюджеттен – 1,7 трлн теңге. Министрлік орталық мемлекеттік органдармен, әкімдіктермен бірлесіп, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына және тұрақты жұмыс орындарын құруға тікелей және жанама мультипликативтік әсерлердің жоғары әлеуеті бар жобаларды іріктеу бойынша жұмыс жүргізді.

«Ақтөбе облысының кешенді жоспары 92 іс-шарадан тұрады. Жоспарды іске асырудың жалпы сомасы 1,7 трлн теңге, оның ішінде республикалық бюджет – 343,3 млрд теңге, жергілікті бюджет – 165,6 млрд теңге, жеке инвестициялар – 1,2 трлн теңге», — деді Ә. Қуантыров.

Кешенді жоспар шеңберінде жаңартылатын энергия көздерін дамыту, цемент өндіру зауытын, титан-цирконий кендерін қайта өңдеу жөніндегі тау-кен байыту кешенін салу және тағы басқа ірі жобаларды іске асыру көзделуде. Сонымен қатар шетелдік инвесторларды тарта отырып, ерекше индустриялық аймақ құрылатын болады. Көптеген кәсіпорындар экспортқа бағдарланған болады деп күтілуде. «Бұхара-Орал» магистральдық газ құбырының үшінші желісін салу және 85 ауылды газдандыру, сондай-ақ Ақтөбе қаласындағы кәріз-тазарту құрылыстарын жаңғырту және тұрғын үй құрылысы аудандарында инженерлік-коммуникациялық желілер салу жоспарланып отыр. Бұдан басқа, 1300 шақырымнан астам автомобиль жолы жаңғыртылады. Бұл өз кезегінде Ақтөбе қаласының «өсу орталығы» және еліміздің батыс бөлігіндегі ірі көлік торабы ретіндегі рөлін күшейтуге ықпал ететін болады. Ұлттық экономика министрінің айтуынша, денсаулық сақтау және білім беру жүйелері қызметтерінің қолжетімділігі мен сапасын арттыру үшін қазіргі заманғы инфрақұрылым құрылатын болады. 18 ауылда денсаулық сақтау нысандары салынады. 224 мектеп жаңғыртылып, 16 орталық салынады. Сонымен қатар Ақтөбе қаласында колледж студенттері үшін екі жатақхана салу жоспарда бар. Кешенді жоспарды іске асыру 2025 жылға қарай негізгі капиталға салынатын инвестициялар өсімін 2,5 есеге қамтамасыз етеді немесе 1,5 трлн теңгені құрайды, өнеркәсіп көлемі 1,6 есеге 2,8 трлн теңгеге дейін артады, ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 37%-ға өсуін қамтамасыз етеді. Сондай-ақ 4,3 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі, сумен жабдықтау қызметтеріне қолжетімділік 100%-ды құрайды. Батыс Қазақстан облысын дамытудың кешенді жоспары жалпы сомасы 2,6 трлн теңгені құрайтын 116 іс-шарадан тұрады, оның ішінде республикалық бюджет – 416 млрд теңге, жергілікті бюжет – 118 млрд теңге, жеке инвестициялар – 2,1 трлн теңге. Өнеркәсіп және кәсіпкерлік саласында индустриялық аймақ құру, құю өндірісін, мұнайды терең өңдеу зауытын және цемент зауытын салу жоспарланған.

«Ауыл шаруашылығы саласында 2 жылыжай, 25 бордақылау алаңын, 10 сүт-тауар фермасын салу, 4 шарбақты балық өсіру шаруашылығын құру, суармалы жерлер алаңын 6,6 мың гектардан 50 мың гектарға дейін қалпына келтіру және кеңейту, Киров су қоймасын реконструкциялау көзделген», — деді Ә. Қуантыров.

1211 км сумен жабдықтау және су бұру желілерін, 46 км жылумен жабдықтау желілерін және 2051 км электр желілерін салу және реконструкциялау, 29,7 км «Ростоши-Тайпақ» газ құбырын реконструкциялау, сондай-ақ Орал қаласында автоматтандырылған газ тарату станциясын салу жоспарланып отыр. Бұдан басқа, 1842 км автожолға жөндеу және қайта жаңарту, Орал қаласының халықаралық әуежайын жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ емхана, кардиологиялық орталық, 74 мектеп, студенттерге арналған 650 орындық жатақхана және 150 орындық мүмкіндігі шектеулі жандарды оңалту орталығы салынады. Батыс Қазақстан облысының кешенді жоспарын іске асыру нәтижесінде, 2025 жылға қарай өнеркәсіп көлемі 55%-ға және ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 56%-ға өседі, сумен жабдықтау қызметтеріне қол жеткізу деңгейі 100%-ға жетеді, ал электр желілерінің тозуы 80%-дан 50%-ға дейін азаяды. Атырау облысын дамытудың өзектендірілген кешенді жоспары жалпы сомасы 8,9 трлн теңге болатын 185 іс-шарадан тұрады, оның ішінде республикалық бюджет – 536 млрд теңге, жергілікті бюджет – 113 млрд теңге, жеке инвестициялар – 8,3 трлн теңге.  Жоспар шеңберінде ауданы 400 га индустриялық аймақ құру, терефталь қышқылын өндіру зауытын және көтерме-тарату орталығын салу көзделген. Ауыл шаруашылығын дамыту бойынша 6 жылыжай, 5 мал бордақылау алаңы, 3 құс фабрикасы, балық өсіруге арналған 7 тоған шаруашылығы, сүт өңдеу цехтары және басқалары салынады.

«Халықтың өмір сүру сапасын арттыру мақсатында 228 км электр желісін салу, 640 км автожолды жөндеу және қайта жаңарту, 13 елді мекенді газбен және сумен қамтамасыз ету, 6 ұңғыманы және Тайсойған-Миялы магистральдық су құбырын салу және тағы басқа жобалар іске асырылатын болады», — деді Ә. Қуантыров.

Денсаулық сақтау саласында 2 емхана мен психикалық денсаулық орталығын, 9 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысанын және оңалту орталығын салу көзделген. Үш ауысымды және апатты мектептерді жою және оқушы орындарының тапшылығын азайту мақсатында 48 мектеп салынатын болады. Жоспарды іске асыру қорытындылары бойынша 2025 жылға қарай өнеркәсіп көлемі 35%-ға артады, халықты сумен қамту 100% қамтамасыз етіледі, жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 95%-ға дейін жетеді, 3,5 млн шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру күтілуде. Маңғыстау облысын дамытудың өзектілендірілген кешенді жоспары жалпы қаржыландыру көлемі 2,1 трлн теңгені құрайтын 226 іс-шарадан тұрады, оның ішінде республикалық бюджет – 375,2 млрд теңге, жергілікті бюджет – 118 млрд теңге, жеке инвестициялар – 1,6 трлн теңге. Өнеркәсіп саласында «Дунга» кен орнын игерудің 3-фазасын іске асыру, Ақтау қаласында мұнай-химия кешенін салу (3-кезең) және басқа да іс-шаралар жоспарланған. Агроөнеркәсіптік кешені салаларында 25 инвестициялық жобаны іске асыру және балық шаруашылығы өнімінің өнімділігі мен сапасын арттыруды субсидиялау, сондай-ақ асыл тұқымды балық шаруашылығын дамыту жоспарлануда. Туризм саласында 14 нысанның құрылысы көзделген. Сонымен қатар 1060 км жергілікті маңызы бар автожолдарды, 88 км электр желілерін, 116 км жылу желілерін салу және жөндеу, сондай-ақ тұщыландыру зауыттары мен қондырғыларының 9 жобасын салу көзделген. Әлеуметтік саланы дамыту шеңберінде аудандық орталық аурухана, 24 мектеп және 11 жапсарлас құрылыс салу, 5 колледжді жабдықтармен жарақтандыру және тағы басқалар қарастырылған.

«Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде Маңғыстау облысында өнеркәсіп көлемі 28%-ға, туристер ағыны 4,6 есеге артады, жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 100%-ға жетеді және 4 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі», — деді ұлттық экономика министрі.

Жалпы, кешенді жоспарларды іске асыру батыс өңірлер экономикасының өсу қарқынын ұлғайтуға мүмкіндік береді, жеке инвестициялар ағынына серпін береді және халықтың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын арттыруды қамтамасыз етеді. Айталық, 2025 жылға қарай төрт өңір бойынша шамамен 13 трлн теңге жеке инвестициялар тарту, 175 мыңға жуық жаңа жұмыс орындарын құру көзделген, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметі.