Еліміздің қос бірдей өңірінде жаңа зауыттар салынады

Татарстан Президенті Рустам Минниханов бастаған делегация елімізге жұмыс сапарымен келді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Делегация құрамында «Татнефть» және «Камаз» компанияларының басшылары да болды. Іскер топ жергілікті әріптестерімен ортақ жобаларды талқылап, серіктестік аясын кеңейту жолдарын сөз етті. Біздің нарық «Камаз» компаниясы үшін таңсық емес. Әуелгі мақсат 5 жыл ішінде ауыр көліктердің қатарын арттыру болатын. Енді бұл жоспарға тағы екі ірі жоба қосылды.  Соның бірі –  Қостанайдағы құйма зауыты. Ал екіншісі, көпір тұрғызуға қажет айналма бөлшектерді дайындайтын кәсіпорын.  Корпорация қос жобаны іске асыруға 2 жарым млрд евро қаржы бөлмек. Жоспар бойынша құрылыс 2024 жылға дейін аяқталады.

Сергей Когогин, «Камаз» ЖАҚ бас директоры:

– Бір айта кетерлігі, мына көліктерге орнатқан жаңа тораптар мен агрегаттардың көпшілігі Қазақстанда жасалған. Егер бір КАМАЗ автомобиліне қосылған құнды есептейтін болсақ, оның 11 проценті үш жылда Қазақстанға өтеді. 

Кездесуде елге кіріс әкелетін тағы бір жобаның келешегі талқыланды. Ол Қарағанды облысына қарасты Саран қаласында автомобиль дөңгелегін шығаратын зауыт салу. Бастама «Татнефть» компаниясымен бірлесіп қолға алынған. Өндіріс орны биылдан қалмай іске қосылады.

Наиль Маганов «Татнефть» ЖАҚ бас директоры:

– Үкімет, Мемлекет және Президент мұны мақұлдады. Келешекте Қазақстаннның тәуелсіз, дамуы орнықты мемлекет ретіндегі мәртебесін нығайтатын жаңа кәсіпорындарды салуға көп көңіл бөлініп отыр. Инвесторлар да Үкіметке сенеді, сол себепті осында келіп, түрлі жобаларды жүзеге асырады, бір сөзбен, олар болашақты осындағы адамдармен бірге жасайды.

Көлік дөңгелегін шығаратын бұл зауыт елде автомобиль өндірісін жаңа деңгейге көтереді деген үміт бар. Өнім ішкі ғана емес, сыртқы нарыққа да тасымалданады. Жоспар бойынша экспорт көлемі жыл сайын 40 пайыз шамасында болуға тиіс. Осылайша, Қазақстан өнім жеткізу ісінде жетекші елге айналуына жол ашылмақ. Себебі  бұл бастамалардың қай-қайсының да экспорттық әлеуеті зор дейді маман.

Авторы: Назерке Тоқжан