Инвестор сенімі сейілмейді

Еуропалық қайта құру және даму банкі 2060 жылға қарай еліміздегі энергетикалық сектордың көміртекті бейтараптығына қол жеткізуге жәрдемдеседі.

Ынтымақтастықтың ұзақ мерзімді стратегиясы әзірлене бастады. Былтыр ірі қаржылық ұйым Қазақстанға 630 млн доллар инвестиция құйған. 18 жоба қаржыландырылды. Оның жартысына жуығы "жасыл" жобалар. "Қасіретті қаңтар" инвесторлардың елімізге деген сеніміне селкеу түсіре ме деген күмән болғаны рас. Әйтеуір көпшілігі әріптестікті жалғастыруға ниетін білдірген. Жалпы егемендік жылдары елімізге 370 млрд доллардан аса инвестиция құйылды. Оның 101 млрд Нидерландтан келген.  АҚШ-тан 46 млрд доллардан астам қаржы түсті. Алдыңғы үштікті Швейцария түйіндейді. Олар 28,5 млрд доллар құйды. 

Американдық TESLA табысы 8 есеге өсті

Былтыр американдық Tesla 936 мың көлік сатты. Бұл 87 процентке көп, яғни  рекордтық көрсеткіш. Автоөндірушінің таза табысы бір жылда шамамен 8 есеге өскен. Сөйтіп, компания бюджеті 5,52 млрд долларға көбейді. Кіріс 71 процентке артып, 53,8 млрд долларға жетті. Әсіресе жылдың соңғы тоқсанында компанияның асығы алшысынан түскен. Илон Маск биыл нарыққа жаңа модельдерді шығармайды. Есесіне көлік тасымалын 50 процентке арттырмақшы. Айтпақшы, американдық автоөндіруші биыл түрік нарығын жауламақ. Көліктер Стамбул, Анкара, Измир, Бурса сынды Түркияның 10 провинциясында қуатталатын болады.

Deutsche Bank үшін ең табысты жыл 

Германияның Дойче банкі үшін де 2021 он жылдағы ең олжалы жыл болды. Ірі қаржылық ұйымның таза табысы 2,5 млрд еуроға жеткен. Былтырғы кіріс 3,4 млрд еуро. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда үш есе көп. Банк басшысы Кристиан Зевинг биыл негізгі капиталдың кірістілігін 8 процентке дейін арттырмақшы. Еске салайын, Deutsche Bank ең ірі трансұлттық банктердің бірі. 70-тен аса мемлекетте өкілдіктері бар. Бір ғана Германия аумағында қаржылық ұйымның 500-ге жуық бөлімшесі жұмыс істеп тұр.