Жамбыл облысында кәсіпорын қызметкерлерінің жалақысы өсуде

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев «Қазфосфат» ЖШС, «Тараз металлургия зауыты» ЖШС жұмысшыларымен кездесіп, кәсіпорын басшыларының есебін тыңдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.


Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Қазфосфат» ЖШС-де барлығы 6200 адам еңбек етеді. Қызметкерлердің жалақысы өткен жылы 40 процентке, биыл 15 процентке, «Тараз металлургия зауыты» ЖШС қызметкерлерінің жалақысы 25% артты. «Қазфосфат» ЖШС фосфориттер, сары фосфор, аммофос және трикальцийфосфатын өндіреді. Шығарылған өнімнің 80%-ке жуығы Ресей, Беларусь, Украина, Литва, Латвия, Польша және басқа елдерге экспортталады. Бас директор Нұрхан Нұрланов әлеуметтік міндеттемелерді орындауға ерекше көңіл бөлінетінін атап өтті. Кәсіпорын небәрі үш айда Қаратау қаласында 72 пәтерлі үйді жөндеуден өткізіп пайдалануға берді. Онда бірінші кезекте, көп балалы отбасылар, өндіріс ардагерлері, сондай-ақ еңбек мүгедектері баспаналы болды. Сонымен қатар, осы қалада «Қазфосфат» ЖШС қаражатына «Тәуелсіздікке 30 жыл» саябағы салынды. Жаңатас қаласында жұмысшылар үшін 220 пәтерлік тұрғын үй кешенін салу жоспарлануда.

«Таразға тарту» жобасы аясында компания Үшбұлақ жағалауын қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізді. Жалпы серіктестік өткен жылы әлеуметтік нысандардың құрылысына 6,8 миллион АҚШ долларын бөлсе, биыл 21,2 млн АҚШ долларын қарастырған. Қазіргі уақытта құны 77,6 млн АҚШ доллары болатын, жылына 500 мың тонна аммофос шығаруға қауқарлы жаңа желінің құрылысы жүруде. Оған барлығы 20 мердігерлік ұйым, 600-ден астам құрылысшы тартылған. Желі іске қосылғаннан кейін 500-ден астам тұрақты жұмыс орны ашылмақ. Ал «ТМЗ» ЖШС жыл сайын 60 мың тоннаға дейін ферроқорытпа мен 48 мың тонна электрод массасын өндіре алады. Бұл туралы кәсіпорынның бас директоры Ғабит Сұлтанқұлов жеткізді. Өнім Өзбекстан, Тәжікстан, Ресей, Грузия, Қырғыз Республикасына экспортталады. Кәсіпорын Қазақстандағы электродмассасын өндіруші бірден-бір өндіріс орны. Электрод массасын шығару цехын жаңғырту және қойманы қайта жаңғырту жұмыстары атқарылуда. Облыс басшысы жалақыны арттыру, еңбек жағдайларын жақсарту секілді мәселелер әрқашан ерекше бақылауда болуы тиіс екенін ескертті. Сондай-ақ кәсіпорындар облыстағы колледждермен және жоғары оқу орындарымен ынтымақтастықты күшейтуі қажет. Дуалды оқытуды енгізу жұмыстарындағы формализмнен арылу және сұранысқа ие мамандарды бірлесіп даярлау керек», – деп атап өтті облыс әкімі.