Қазақстандықтар 9 трлн теңгенің депозитін шетел валютасында ұстап отыр

Ұлттық банк мәліметіне сәйкес Қазақстандағы резиденттер депозиттік ұйымдарда 27,1 трлн теңгенің активін ұстап отыр.

Мысалы, желтоқсан айында депозиттік ұйымдарда ұсталатын ақшаның көлемі 5,1% ұлғайып, 27 трлн 101,6 млрд теңгеге жеткен. Яғни жылдық өсім 22,7% деген сөз. Оның ішінде заңды тұлғалардың депозиттері бір айда 13 трлн 836,6 млрд теңгеге дейін, ал жеке тұлғалардың депозиттері 13 трлн 264,9 млрд теңгеге дейін өскен. Ұлттық валютадағы депозиттердің көлемі бір айда 17 трлн 337,5 млрд теңгеге дейін ұлғайғанын ескерсек, шетел валютасында 9 трлн 764,1 млрд теңгеге дейін көбейген. Демек, депозиттердің 36 проценті доллармен сақталып отыр. Ал 2020 жылғы желтоқсанда оның мөлшері 37,3% болған.

«Заңды тұлғалардың ұлттық валютадағы депозиттері 2021 жылғы желтоқсанда 8 трлн 629,3 млрд теңгеге дейін немесе 7,3% артты. Шетел валютасында – 5 207,3 млрд теңгеге дейін немесе 3,6% ұлғайды. Бұл – заңды тұлғаларға тиесілі депозиттердің 37,6%-ы», – деп жазады Ұлттық банктің ресми сайты.