ХЭА: Биыл әлемде газға сұраныс төмендейді

Халықаралық сарапшылардың болжамынша, биыл әлемде көгілдір отынға сұраныс төмендейді. Ал Үндістан Орталық Азия мемлекеттерімен сауда байланысын арттыруы мүмкін.

Биыл көгілдір отынға деген әлемдік сұраныс төмендейді. Халықаралық энергетикалық агенттіктің баяндамасында осылай деп жазылған. 2022 жылы көгілдір отынды тұтыну бойынша өсім 0,9 процентті құрайды. Бұл өткен жылға қарағанда әлде қайда төмен. Былтыр газды тұтыну көлемі 4,6 процентке өскен. Ол кезде әлемдік экономика пандемиядан кейін қалпына келе бастады. Сондықтан газға  сұраныс күрт өсті делінген баяндамада.  Еуропа мен Азиядағы күннің суытуы да сұранысқа әсер етті. Нәтижесінде былтыр газ саудасы 9 процентке күрт өсіп, 85 млрд куб метрден асты. Бұл көгілдік отынның қымбаттауына әкелді. Еске салайық былтыр Еурапада газ үш есе қымбаттаған еді.  Салдарынан кейбір коммуналдық қызметтер көмірге көшуге мәжбүр болды. Бірақ биыл сарапшылардың айтуынша, Еуропа жасыл энергия көздері есебінен газ тұтынуды 4,5 процентке дейін азайтады.

ҮНДІСТАН ОРТАЛЫҚ АЗИЯДА ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЫҚПАЛЫН АРТТЫРУЫ МҮМКІН

Қытайдың Орталық Азиямен байланысты күшейтіп жатқаны Үндістанды да қызықтыруы мүмкін. Яғни, Үндістан Орталық Азияда өзінің саяси-экономикалық, мәдени ықпалын арттыруы ғажап емес. Экономист Талғат Демесінов осындай пікірде. Оның айтуынша, Орталық Азия мемлекеттері үшін де бұл керек. Өйткені Үндістаннан үйренетін дүниелер өте көп. Солардың бірі – ІТ технологиялар саласы. «Үндістанда дайындалатын осы сала мамандары жоғары бәсекелестікке ие. Microsoft, Apple, ІВМ компанияларында жұмыс істейтін және ондағы басшылық қызметтегі адамдардың көбі Үндістаннан шыққан» деп түйіндеді экономист.

Талғат Демесінов, экономист:

– Үндістан мен Орталық Азияның арасындағы сауда-саттық көлемі – 3 млрд доллар. Оның 80 проценті Қазақстанға келеді екен. Яғни, 2 млрд доллардан астам сауда-саттық Қазақстан мен Үндістанның арасына келеді. Яғни, бұл Үндістан мен Қазақстанның, Орталық Азия мемлекеттерінің арасындағы сауда-саттық, экономикалық қатынастарының үлкен әлеуетін әлі пайдала алмай отырмыз деген сөз.

Қос елдің тауар айналымын арттыру қажеттігін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та айтқан. Биыл 27 қаңтарда өткен «Орталық-Азия – Үндістан» саммитінде ол «Қазақстан 610 миллион доллар болатын 80 тауардың тізімін жасап, оны Үндістанға жіберуге дайын» екенін атап өтті. Жалпы Орталық Азия мемлекеттері Үндістан үшін Еуропа елдеріне жол ашады. Экономистердің айтуынша, Үндістан Орталық Азияның көліктік әлеуетін өз нарығын кеңейту үшін пайдаланады.

Қазбек Майгелдинов, экономист:

– Бірақ, өкінішке қарай, Қытай сияқты Қазақстан мен Үндістанның ортақ шекарасы жоқ. Бұл біріншіден. Екіншіден, осының әсерінен Үндістанда қазіргі таңда Иран арқылы  Қытай - Түрікменстан – Иран теміржолы бар. Осы темір жолға Иран арқылы қосылып, Үндістан транзиттік потенциялын арттыруды көздеп отыр. Үндістанның мүддесі Орталық Азия мемлекеттерінің көліктік потенциялын қолдану арқылы өз нарығын кеңейту.

 

ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАР ШЕТЕЛДІК ВАЛЮТА АЛУҒА ₸ 500 МЛРД ЖУЫҚ ЖҰМСАҒАН

Былтыр қазақстандықтар шетелдік валюта сатып алу үшін 500 миллиард теңгеге жуық жұмсаған.  Оның ішінде АҚШ валютасының үлесі басым. Ұлттық банк өткен жылдың соңғы айындағы сауда нәтижесін шығарды. Оған сай, ел азаматтары 378 млрд теңгеге доллар сатып алған. Сондай-ақ валюта айырбастау пункттерінде 78 миллиард теңгеге рубль және 18 миллион теңгеге юань сатылыпты.  Америкалық валюта саудасы бойынша Алматы бірінші орында. Одан кейін Шымкент және Нұр-Сұлтан қалалары орналасты.  Еуроны да Алматыда көптеп сатып алған, ал юань саудасы бойынша Шығыс Қазақстанның валюта айырбастау пункттері көш бастап тұр.