А.Жамалов: Халықты қымбатшылықтан құтқару керек

Еліміз азық-түлік импортына тәуелді. 3 млрд доллардың өнімін сырттан аламыз. Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов мұның елдегі инфляцияға әсерін атады деп хабарлайды «Хабар 24».

Былтыр инфляция деңгейі 8,4 процент деп көрсетілді. Депутат көрсеткіштің одан да көп болғанына сенімді. Өйткені әлемдегі жағдай бізді айналып өтпесі анық. Демек шетелден қымбатқа алынған тауарлар құны бізге арзан болып келмейді. Бұл, әсіресе жағдайы төмен отбасыларға салмақ. Сауалнамаға қатысқан азаматтардың 58 проценті елдегі азық-түлік бір жылда 16-20 процентке қымбаттағанын айтқан. Елде уақытша бағаны өсіруге шектеу қойылды. Бірақ көктемде ахуал ушығып кетпесіне кім кепілді? Сондықтан Аманжан Жамалов «халықты қымбатшылықтан құтқару керек» дейді. Ол тегін азық-түлік картасын дайындауды ұсынды. Сондай-ақ зейнетақы мөлшерін инфляция деңгейіне бейімдеу қажет. Мұндай жағдайда 3 млн қазақстандықтың жағдайы түзелер еді. Ал ең төменгі күнкөріс деңгейін 20 процентке, яғни 43221 теңгеге дейін арттыру маңызды. Ол үшін 600 млрд теңге керек болады. Депутаттың айтуынша, оған квазимемлекеттік сала шығындарын азайту арқылы қол жеткіземіз. 

Аманжан Жамалов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Ал ең төменгі күнкөріс деңгейін 20 процентке, яғни 43221 теңгеге дейін арттыру үшін 600 млрд теңге керек болады. Оған дивиденттерді арттырып, квазимемлекеттік сала шығындарын азайту арқылы қол жеткіземіз. Екіншіден, коммуналдық тарифтерді әлеуметтік төлемдер деңгейінен асыруға тыйым салу керек. Тіпті монополистерге тұрмысы төмен азаматтар тобына төмен ақы белгілеуді міндеттеу қажет.