«Елорда жастары» бағдарламасына қосымша қаржы бөлу ұсынылды

Нұр-Сұлтан қаласының қоғамдық кеңес мүшелеріне астананың биылға нақтыланған бюджет жобасын таныстырған экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қайсар Маңқараев «Елорда жастары» бағдарламасына қосымша қаржы бөлуді ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.


«Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасына мемлекеттік бағдарлама бойынша тұрғын үйлерді жылу энергеиясымен қамтамасыз етуге, «Елорда жастары» бағдарламасы бойынша жас мамандарға жеңілдікпен кредит беруді жалғастыруға қосымша 353,2 млн теңге көзделіп отыр», – деді әкімдік өкілі.

Оның айтуынша, ел астанасын жасыл белдеумен көмкеру шараларына бөлінетін қаражаттың көлемін нақтылау қажет. Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасына қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шараларға, көпжылдық жасыл екпелерді күтіп ұстауға, қаланы абаттандыруға бюджет әкімшілігі бағдарламасы арқылы 1 млрд 600 млн теңге көздеу ұсынылды. Сондай-ақ басқарма басшысы қаланың әр ауданына бұрын бекітілген бюджет үстіне қосымша қанша қаражат қарастыру керектігін айтты.

«Алматы ауданы әкімінің аппаратына көшелерді жарықтандыруға, аулаларды абаттандыруға, қолданыстағы аялдамаларға қызмет көрсетуге және қоғамдық кеңістікті жайғастыруға қосымша 3 млрд 400 млн теңге қарастыру ұсынылып отыр. Байқоңыр ауданы әкімінің аппаратына аулаларды абаттандыруға және қоғамдық кеңістікті жайғастыруға қосымша 1 млрд 665 млн теңге қарастырылса, Есіл ауданы әкімінің аппаратына аулаларды абаттандыру және қоғамдық кеңістікті жайғастыруға 2 млрд 180 млрд теңге бөлу, Сарыарқа ауданы әкімінің аппаратына 2 млрд 588 млн теңге ұсынылып отыр», – деді Қайсар Маңқараев. Оның сөзіне қарағанда, бұл ақша ауданның арық-науа жүйесін және су өткізу құбырларын жарықтандыруға, аулаларды абаттандыруға және қоғамдық кеңістік жайғастыруға бағытталмақ.