Шымкентте әлеуметтік маңызы бар өнімдерді арзандатып сататын орын көбейтіліп жатыр

Бағаға байлам жоқ. Бүгін бір теңгенің тауары таңертең екі теңге болса, ешкім таңқалмайтын болды. Енді қайтпек керек?

Шымкентте әлеуметтік маңызы бар өнім түрін арзандатып сататын орындар көбейтіліп жатыр. Мұндай азық-түлікке енді шалағайдағы ауылдарда қол жеткізеді дейді әкім қаралар. Бірақ жоғарыда отырып, министрлік бекіткен 19 тауардың ішіндегі көкөністің сапасына сын тағушылар да көп.

Бұған дейін арзандатылған тауар Шымкенттің ірі сауда желілерінде ғана сатылып келді. Шаһардан шалғай жатқан елді мекен халқы төмендетілген азық-түлікке қол жеткізу үшін қала орталығына сабылатын. Енді Қазығұрт шағын ауданының халқы алысқа ат басын бұрмай, игілікті істің шарапатын көре алады. Жаңа сауда орталығына тауар өндірушілердің өнімдері делдалсыз тікелей жеткізіледі.  

Айжан Наймбекова, сауда желісінің бас директоры:

- Бұл жерде әлеуметтік тауардың бағасы сақталады. 19 наименование қай уақытта келсеңіз де ол тұрады. Бүгінгі таңда бізде 308 теңгеден құмшекер тұр. Ол тұтынушы қолына 2 кг ғана беріледі. Өйткені делдалдар алып, ертеңгі күні бағаны көтеріп басқа жерде сатпас үшін. Бірақ қасымыздағы магазиндерде 340-350 теңгеден арзан құмшекер жоқ. Кәдімгі картошка 240-250 теңге тұрса, әлеуметтік картошка 140 теңгеден.

40 адамды тұрақты жұмыспен қамтыған сауда желісі заман талабына сай салынған. Тұрақтандыру бағдарламасының қатысушысына бюджеттен 800 миллион теңге бөлініп, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары шекті мөлшерде белгіленген бағамен сатылады.

Гүлнәр Дайрабаева, қала тұрғыны:

- Анау верхныйға баратынбыз, Алашқа баратынбыз. Мынау Нұрдан ашылғаны жақсы болды. Құрсайда тұрамыз. Картошка да жақсы екен. Ана жақтан көрдім. Оның қазір 1 қабын аламыз. Пияздан 1 қап аламыз. Қазақпыз ғой сондай. Қуанып жатырмыз. Осындай тіршіліктер көп болсын.

Махабіл Мәмешов, қала тұрғыны:

- Тауардың бәрін бір-бірімен шатастырып жіберген. Ол енді ауылдан келген адам мына жерге келіп скандал жасайды. Социальный болғаннан кейін оған баға отдельно жазылуы керек. Коммерческий сол отдельно жазылуы керек. Сонда адам түсінеді. Екі тауардың да түрі бірдей бір жерден шыққаннан кейін алып кетеді. Сол түсініксіз болып жатыр. 

Әлеуметтік маңызы бар тауарды саудалайтын желілерде кездесетін мәселе бұл ғана емес. Көкөністің көлемі кәсіпкердің өз тауарынан әлде қайда ұсақ. Көбінде тауардың солғын тартқан түрі де сауда сөрелеріне шығарылады. Тұтынушы құқығы қорғалмағандықтан амалсыз қымбат тауарды сатып алады.

Татьяна Лысенко, қала тұрғыны:

- Әлеуметтік дүкендерде көп тауардың мерзімі өтіп бұзылғанын көруге болады. Шынымды айтсам иістеніп кеткен көбі. Тіпті жарма өнімдерін сатып алып, ас әзірлесеңіз дәмсіз, ащы тамақ дайындайсыз. Мұндай жағдайлар көп кездеседі. 

Ал ендігі бір дүкеннің әкімшісі тұрақтандыру талаптарын сақтау үшін шығынға баттық, - деп отыр. Себебі тауар тасымалдаушылардың ұсынатын бағасы аспандап тұр. Сондықтан нарыққа тағы да мониторинг жүргізу керек, дейді.

Акбар Магамедов, әлеуметтік дүкеннің әкімшісі:

- Картофельмен қазір проблема жоқ. Качествоның бәрін өзгертіп жақсысын таңдап алып жатырмыз. Бірақ басқа позицияда капуста сияқты тауарда қиындау болып жатыр. Өйткені оның бағалары тура келмей жатыр.

Осы мәселелерді болдырмас үшін сауда орындарымен келісімшарт жасаған әкімдіктегілер арнайы құрылған мониторинг тобына сенім артып отыр. Тауар бағасын шекті мөлшерден асырып, оның сапасы сын көтермеген жағдайда әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын айтады. Осылайша ырыққа көнбеген кәсіпкерлер ірі көлемде айыппұл арқалайды.

Асқар Қаныбеков, қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы:

- Ия, кейде таңғы уақытта сауда сөрелеріне шығарылған тауар тез сатылып, одан қалған қалдықтар тұрып қалады. Бірақ шірігені емес сапасы аздауы. Ондай жағдайда біз тауардың орнын лезде толтырып, ауыстыруын талап етеміз. Әрдайым жағдайды бақылауда ұстауға тырысамыз.

Биыл Шымкентте әлеуметтік дүкеннің санын отызға жеткізу жоспарланып отыр. Ал ондағы азық-түлік алыпсатарлардың қолына түсіп, қайта саудаға шықпас үшін сатылымның шекті мөлшері белгіленді. Бағаны тұрақтандыру үшін жергілікті бюджеттен 2 млрд теңге қарастырылып отыр.