Сенатор: Бизнеске бірыңғай ақпараттық портал керек

Шағын және орта бизнесті мемлекеттік қолдау туралы қажетті мәліметтер жинақталған бірыңғай ақпараттық портал болуы тиіс, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл мәселені Сенат депутаты Дәурен Әділбеков Үкімет басшысына жолдаған сауалында көтерді. Бизнеске арналған мемлекеттік қолдаудың кейбір бағдарламасы түрлі ведомствода қайталанады. Осы ретте депутат Үкіметке тиісті талдау жүргізіп, бизнесті қолдаудың тиімді шараларын анықтауды ұсынды.

Дәурен Әділбеков ҚР Сенат депутаты:

– Бизнес субъектілеріне арналған мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін арттыру мақсатында Үкіметке операторлардың санын қысқарту арқылы оңтайландыру жұмысын жүргізуді ұсынатынымыз. Яғни бизнес өкілдері бір ғана операторға жүгініп, қай салада болмасын мемлекеттік қолдауға қатысты ақпарат пен кеңес алатындай мүмкіндігі болуы керек.