Қаңтар оқиғасы кезінде бір де бір шетелдік инвестор елімізден кеткен жоқ – ҚР СІМ

Қаңтар оқиғасынан кейін инвесторлардың көңіліне алаң кірген еді. Дегенмен, мемлекет қауіпсіздікке кепіл болатынын білдіріп, жағдай реттелді. Осы тұрғыда Франция инвесторлары еліміздің жаңа экономикалық бағытымен танысты.

Қазір Францияның 170-тен аса компаниясы Қазақстанда жұмыс істеп жатқаны белгілі. 

Жан Ғалиев, Қазақстанның Франциядағы елшісі:

– Үлкен кәсіпорындар үшін ендірілетін жаңа салық саясаты ашық және кәсіпорындар мен үкімет үшін түсінікті болуы керек.

Франция компаниялары Қазақстан экономикасына 18 миллиард доллардай қаражат салған. Енді инвестициялары сенімді қорғала ма деген сауал туындап отыр. Қаңтардағы оқиғалардан кейін кәсіпкерлер бұл жөнінде нақты ақпарат алғысы келді.

Ив-Луи Даррикарер, Қазақстан-Франция іскер кеңесінің тең төрағасы:

– Қазақстан тарапы бізді өз саясатымен таныстырып, дау туғызған мәселелер бойынша уайымымызды сейілтті. Сондықтан біз негізгі тақырыптан бөлек, алдағы жобаларды талқылауға көштік. Қаңтардағы оқиғаларға дейін жоспарланған жобалар жөнінде сұрағымыз бар еді. Олар жүзеге асатын болды. Өмір жалғасып жатыр. Франция инвесторлары бұрынғыша Қазақстанмен әріптестігін жалғастыруға ынталы.

Шетелдік инвестициялардың қауіпсіздігіне мемлекет кепіл беріп отыр. Қазақстанның жаңа экономикалық саясаты әділ бәсеке, нарықтың ашықтығы мен экономикада мемлекеттің үлесін қысқартуға бағытталған.

Ги Сидос, Vicat компаниялар тобының бас директоры:

– Елші мырза Ғалиев берген ақпарат біздің алаңдаушылығымызды тарқатты. Министр Тілеуберді де бизнес-климат қалай дамитынын мәлімдеді. Әкімшілік рәсімдер жеңілдетіліп, шетелдік инвестициялар қорғалатынын жеткізді. Мұның бәрі керемет, бизнес ортаның жақсаруын асыға күтеміз, бұл Франция компанияларын жергілікті өндірісті дамытуға қаражат салуға ынталандырады.

Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, қаңтардағы оқиғалар кезінде бірде-бір шетелдік инвестор елімізден кеткен жоқ. Тіпті, Франция компаниялары алдына үлкен мақсат қойғаны белгілі болды. Атап айтқанда, жасыл сутегін өндіру мүмкіндігі, кәсіпорындардың экологиялық стандарттарын көтеру және қайта өңдеу жөнінде әңгіме қозғалды. Жақын арада мұның бәрі жоғары деңгейде талқыланатын түрі бар. Өйткені Президент Макрон Қасым-Жомарт Тоқаевты еліне ресми сапармен келуге шақырды.

Әлия Сыздықова, Руслан Өміржан