Елімізде орташа жалақы мөлшері шынымен қанша теңге?

Елде орташа жалақы мөлшері 275 мың теңге. Ұлттық статистика бюросы апта басында осындай ақпарат таратты. Жұмысшылардың айлық табысы анағұрлым өскені байқалады.

Алайда бұқара бұл сандарға сенбейміз деп салды. Өткен аптада Мәжіліс депутаты да бұларға шүйлігіп еді. «Өтірік мәлімет таратады» деп сөккен. Статистика бюросы орташа жалақы мөлшерін қалай есептейді?

Сандарды «сөйлетіп» жүрген статистика бюросы бар. Маусым сайын елдегі орташа жалақы мөлшерін жариялап тұрады. Не керек, апта басында тағы ақпарат таратты. Бұқараның айлық табысы 275 мың теңгеден асты деді. Естіген жұрт «ду» ете қалды.

БЛИЦ:

- Кейінгі жұмысшылардың айлығы 60-70 мың. Қазақстанда орташа жалақы 250 мың теңге дегенге мен келісе алмаймын.

- Тамағыңа тартсаң квартираңа жетпейді. Квартираға тартсаң суыңа жетпейді дегендей... Ол қымбатшылық.

- Балалардың сабағына төлеу керек, тамақ алу керек, квартплата төлеу керек. Кейбіреулер бар 50 мың алатын, 40 мың алатындар бар ғой. Рас қой? Орташа 250 мың дегенге сенбеймін.  

Мейлің сөк, мейлің мақта – бұл «сандыраққа» сенбейміз. Біз сөзге тартқандардың бәрі осыны айтты. «Солар неге ел арасына кірмейді, жағдайды неге көзбен көрмейді» деп жекіп тастады. Өткен аптада Мәжіліс депутаты да шамырқанып еді.

Елнұр Бейсенбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Ұлттық статистика бюросы былтыр елдегі орташа жалақы мөлшері 257 мың теңге деп мәлімет таратты. Шыны керек, бұқараны айтпағанда, бұған статистика жүргізіп отырған мамандардың өзі сенбейді. Мемлекет басшысы кәсіпкерлермен кездескенде айтты ғой. «Халықтың дені ай сайын 50 мың теңге алады. Бұған өмір сүруге болмайды» деді. Статистика елдің шынайы өмірін көрсету керек. Ал қазіргі сандарды құдды аспаннан алғандай.

Арқа жайлы болса, арқар ауып несі бар?! Депутаттар «елдің жағдайы қағазда жазылғандай болса, бұлқынбас еді» деп отыр.

Ерлан Саиров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Өмір көрсеткендей, халықтың жаппай кедейлігі мемлекетке өте қымбатқа түседі! Ішкі жалпы өнімнің еселеп өсуіне қарамастан Қазақстан ондаған жылдар бойы кедейлік шегін көтермей келеді. Бүгінде Қазақстан ең төменгі күнкөріс деңгейі әлемдегі ең төмен елдердің бірі және Нигерия, Ангола, Венесуэла, Габон сияқты елдердің деңгейінде тұр.

«Мынаның жалақысы көбірек, ал мынау азырақ алады» деп жіліктеп жазып жүрген мамандардың өзімен жолықтық. «Сандарды қайдан аласыңдар, ел сендерге сенбей жатыр» деп сұрақты төтесінен қойдық. Сөйтсек, орташа жалақыны былай есептейді екен.

Алмагүл Сәметова, ҚР Ұлттық статистика бюросы департаментінің бас сарапшысы:

- Елімізде айлық табысы көбірек және аздау жалақы алатындар бар. Солардың айлығын қосамыз. Шыққан жалақы қорын айлық алатын адамдардың санына бөлеміз. Сол кезде осындай сандар шығады. Мұндай әдісті көптеген елдер қоланады. Мұны ортақ тәсіл деуімізге болады. 

Мұндай әдіс көптеген елде кеңінен қолданылады. Бірақ солардың дені дамыған елдер. Көшті алпауыттар бастайды. Ал Қазақсан сынды әлеуметтік теңсіздік белең алған елде бұл әдісті қолдану халықтың шынайы тұрмысын көрсетуге кедергі келтіріп отыр. Мұны статистика жүргізіп отырған мамандардың өзі мойындайды. 

Алмагүл Сәметова, ҚР Ұлттық статистика бюросы департаментінің бас сарапшысы:

– Вот вы назвали СМЗ последyюю по итогам квартала. Сколько у нас человек получают такую зп?

– Знаете где-то 6 процентов. 

Байлар мен кедейлердің арасы қай кезде алшақтайды? Жағдайы жұтаң жандар көбейіп кетсе осындай келеңсіздікке тап боламыз. Бұл енді экономиканың қарапайым қағидасы. Бәлкім Қазақстанда шынымен орташа жалақы мөлшерін анықтаудың басқа әдісін қолданатын кез жеткен болар. 

Дастан Сейілханұлы