Елімізде нарықтағы үй бағасының өсу рейтингі жарияланды

Елімізде нарықтағы үй бағасының өсу рейтингі жарияланды
elements.envato.com

Соңғы бір жылдағы тұрғын үй бағасына қатысты Қазақстан қалаларының рейтингі жасалды, деп хабарлайды «Хабар 24» Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

Тізімінің басында Ақтау тұр. Бұл қаладағы қайталама нарықтағы үйлер 41%-ке қымбаттаған. Бір жыл бұрын 7-8 миллионға сатып алуға болатын пәтер қазір 11 миллионға жетіп отыр. 

Екінші орында – Ақтөбеде 35 процентке өссе, одан кейін Қызылордада 34%-ке артқан, яғни бір бөлмелі пәтер бір жылда 2-2,5 миллионға қымбаттады. 

Алматы рейтингте төртінші орын иеленді. Мұндағы бір бөлмелі пәтерлер 17 миллионнан 23 миллионға, екі бөлмелі - 24 миллионнан 32 миллионға, үш бөлмелі - 31 миллионнан 41 миллионға дейін қымбаттады.

Ел астанасы рейтингтің ортасынан орын алды. Бір жыл ішінде елордада баға төрттен бірге өсті. Орташа 1 бөлмелі пәтердің құны 13,5 миллион болған, қазір 17 миллионға жуық. 

Екі бөлмелі пәтерлер 20-21 миллионнан 25 миллионға дейін қымбаттады. Үш бөлмелі  33 миллионнан 36 миллионға дейін.

Петропавл мен Көкшетауда тұрғын үй 15-16 пайызға қымбаттады. Алайда бұл өңірлер бойынша ең төменгі көрсеткіш.

Тұрғын үй сарапшыларының айтуынша, бағаның өсуі әлі де жалғасады. Соңғы айда елдегі тұрғын үйлер орташа есеппен 3 процентке қымбаттаған.