Атырауда дүкендегі арзан азық-түлік базардағы бағаға бәсеке тудырды

Атырауда жаңа жылдан бастап күнделікті тұтынатын азық-түлік бағасын көтермеу мақсатында тұрақтандыру қорынан арзан өнімдер саудаға шығарыла бастады. Алайда бұл базарлардағы басқа сатушылардың ренішін туғызып отыр. Себебі олар қасынан пайда болған бәскелеске төтеп бере алмай, пайдадан қағылатын көрінеді. Алайда қарапайым тұтынушыға арналған арзан тағам түрлері барлығына бірдей жетпей жатыр. Базар саудагерлері жыл басынан бері көтерме саудадағы тауарлар мен коммуналдық қызметтің бағасы күрт өскендігін айтады. Бұл жағдай қалыпқа түспесе шағын бизнес өкілдерін тығырыққа тірейтін түрі бар. 

Әкімдік ұйымдастырған сауда нүктесінде азық-түлік су тегін сатылып жатыр. Мысалы, мұнда 1 келі ет 1855 теңге, 10 дана жұмыртқа 320 теңге, картоп 185 теңге. Басқа да азық түлік бағалары нарықтан 33-35 процентке арзан. Осыны көрген шағын бизнес өкілдері таң атпай әлеуметтік өнім сатылатын сөрелерді жағалайды. Бірақ шектеулі тауар барлығына жетпейді де осы арадан дау туындайды.

Рима Наурышева, кәсіпкер:

- Бұл жерден бұрын қанша алғым келеді, сонша алып келдім. Мен кәсіпкермін. Өзімнің шағын аспаздық жерім бар. Тамақ пісіретін. Соған осы жерден алып келдім. Себебі базарда қымбат қой енді!

Әлеуметтік маңызы бар тағам түрлері шектеулі көлемде ғана босатылады. Бір адамға 5 келі шамасында. Соның өзінде көптеген өнімдер түске дейін сатылып кетеді екен. Ал базарларда баға ұшынып тұр. Жаңа жылдан бастап Атырауда ет өнімдері 25 процентке, көкөніс пен макарон түрлері 17 процентке қымбаттады. Қарапайым халық оған сатушыларды кінәлайды. Бірақ олардың да айтар өзіндік уәжі бар.

Райгүл Жарылғасынова, сатушы:

- Етті 2100-ден аламыз арадағы делдалдар бар олар қосады 50 теңгеден. Сонда біз қаншадан сатамыз? Сойғанға мысалы, 8 мың теңге, әкелгенге 4 мың теңге, соның бәрі шығын емес пе? Соның бәрін біз шығаруымыз керек.

Гүлшара Тілеуова, сатушы:

- Орынақы неге негізсіз өсе береді? Биыл 20 мың теңге қосылды. Оның үстіне светімізді көтеріп жіберді. Бұрын 9,3 мың еді, енді 15 мыңға жетті.

Бұл арадағы басты кілтипан монополист компаниялардың коммуналдық қызмет тарифын шектен тыс көтеріп жіберуінен туындап отыр. Осыдан келіп базарларда орынақы, басқа да алымдар өсіпті.

Қадірғали Тұрғанов, базар басшысының міндетін атқарушы:

- Біздер қараша айына 1,5 млн төлеп едік. Ал қаңтар айына 3 млн 955 мың теңге төледік. Өзіңіз есептеп қараңыз, қаншаға өскенін. Сондықтан оны жалға алушылардан өндіруге тура келеді. Онан басқа біз ештеңе төлей алмай қаламыз, коммуналдық берешектерді. Сондықтан барлық ауыртпашылық жеме-жемге келгенде кәсіпкерлерге түседі.

Қараша айынан бастап мұнайлы өңірде электр энергиясының бағасы өсті. Айырмашылық айтарлықтай.

Тұрлан Дошатов, "Атырау Энерго Сату" ЖШС директоры:

- Мұны көтерген электр энергиясын өндірушілер 45 процентке ТЭЦ көтерді. Жылу орталығы 8,48 деген 14 теңгеге көтерді. КЕГОК 14,6 процентке, Атырау Жарық 17 процентке көтерді. Соның бәрін қосып келгенде манағы соңғы тариф бүгінгі таңда жеке тұлғаларға 5,71 теңге, заңды тұлағаларға 31,45, бюджеттен қаржыландырылатын ұйымдар үшін 38, ауылшырауышығына 22,14-ке өсті.

Атырау облысы Ресейден де электр энергиясын тасымалдайды. Ола баға да жаңа жылдан бастап айтарлықтай өскен. Қалай дегенмен де, бұл қымбатшылықтың тақсіретін тартатын қарапайым тұтынушы болып отыр.

Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов