Өзбекстан Еуразиялық экономикалық одаққа қосыла ма?

Бұл мәселе кейінгі жылдары елдің сарапшылар қауымдастығында қызу талқыланып келеді. Әзірге оңтүстіктегі көршіміз бірлестікке бақылаушы ел мәртебесіне ие.

Рауан Мыңбаев, тілші:

- Әуелден мақта өсіріп, жеміс-жидек, көкөніс баптап, өнімін сыртқа саудалайтын өзбек халқы осы күні машина құрастыру саласында озық тұр. Сыртқы нарыққа көп экспорттайды. Алайда тасымалға келгенде тынысы тарылады. Көршілердің көмегіне жүгінеді. Қазақстан қашан да қолғабыс қылады. Ұлан-ғайыр атырабы арқылы Ресейге және Қытайға жүктерін жөнелтуге мүмкіндік береді.

Өзбек билігі бірнеше жылдан бері сыртқы саудадағы негізгі серіктестерімен экономикалық тұрғыда бірігуді ойлап жүр. Себебі тасымалдан туған мәселе кейде кеден саласындағы түйткілдерге әкеледі. Бұл бір. Екіншіден, Орталық Азия елдерімен байланыс әзірге тек саудадағы алыс-беріс аясында өрбіп жатыр. Бірлескен кәсіпорындар жоқтың қасы.  

Валерий Бирюков, сарапшы:

- Қазақстан Өзбекстан үшін сыртқы сауда айналымындағы үшінші ел. Арадағы алыс-беріс миллиардтаған доллармен есептеледі. Осы бағытта өнеркәсіптік кооперация орталығын құру жөніндегі жоба және сол шаруаның нәтижелі орындалуы байланысты жаңа деңгейге көтереді.

Өзбекстан Еуразиялық одаққа бақылаушы мәртебесін 2020 жылы алды. Ал оған қосылу мәселесі әлі басы ашық күйінде қалып отыр. 2 жылдан бері еуразиялық бестік ресми Ташкенттің жауабын күтуде. Елге бірлестік аумағына еркін тауар тасымалдау шарты, техникалық регламенті берілген. Жергілікті мамандар құжаттарды тыңғылықты зерттеп жатыр.

Валерий Бирюков, сарапшы:

- Қазір өзбек еліне Еуразиялық одақпен еркін қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік беріліп отыр. Екеуі екі түрлі бірлестік секілді. Бұлай жалғаса берсе, еуразиялық бестікке тиімді болмайды. Бір мезетте одақ Өзбекстанды толыққанды мүше атануға шақырады. Өйткені олар да осы елдің нарығына енгісі келеді.

Бастаманы әзірге экономистер қолдап отыр. Одаққа енуден сырттағы 5 млн еңбек мигранты ұтады дейді. Жыл сайын олар Отанына 8 млрд доллар қаржы аударады. Транзакциялар кезінде алым-салық ұсталып, зейнетақы және медициналық сақтандыру қамтамасыз етілмейді.

Фарход Толипов, саясаттанушы:

- 90-жылдардан бері Өзбекстан көптеген елмен еңбек мигранттарына қатысты көші-қон құжаттарын әзірледі. Қазір біздің ел сол келісімдерді екі жақты түрде жетілдіргісі келеді. Еуразиялық одаққа қосылуға келсек, көрші мемлекеттердің тәжірибесін ескеріп жатырмыз.

Жалпы Өзбекстан Орталық Азиядағы ірі тұтынушы нарық. Таяуда халық саны 35 миллионға жетті. Егер интеграциялық ұйымға біріксе, еуразиялық бестік, яғни Қазақстан, Ресей, Беларусь, Армения, Қырғызстан да сол нарыққа еркін ене алады. Керісінше Өзбекстан да одақпен қарым-қатынасын жақсартады. Тауар тасымалы жеңілдейді. Сарапшылардың болжауы бойынша жоспар алдағы бірер жылда орындалуы мүмкін. 

Рауан Мыңбаев, Санжар Шатульяганов