«Қазақстан халқына» қорынан жұрт үй алуға, несиені төлеуге және той жасауға көмек сұраған

«Қазақстан халқына» қорына жиналған қаражат үй немесе көлік алуға, несиені төлеу мен той-томалақ шығынын өтеуге арналмаған.

Қор өкілдері қазір ел тұрғындарынан осы мәндес өтініштер көп түсіп жатқанын айтады. Бүгінде олардың саны 13 мыңнан асқан.

«Қордың негізгі қызметі елде медициналық қызмет сапасын арттыру, сирек кездесетін ауруларды емдеу мен ерекше күтімдегі мүгедек балаларды асырап алған отбасыларға көмек көрсету», - дейді мамандар. Сондай-ақ кәсіби міндетін орындау кезінде қаза тапқан құқық қорғау саласы қызметкерлерінің отбасына қолдау көрсету де кіреді. Қазір қорға түскен қаржы көлемі 115 млрд теңгеден асты.