Ақтауда энергетикалық комбинат қызметкерлерінің жалақысы 30%-ке өседі

Компания басшылығы ақылы еңбек демалысына жыл сайын 1 айлық түрінде материалдық көмек беруге, кейбір мерекелік күндерге сыйақы төлеуге де уәде берді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мәселен, 8 наурызда 10, энергетиктер күні мен тәуелсіздік мерекесінде 25 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде үстемақы қосылады. Серіктестіктің бас директоры «жалақыға қатысты мәселені» бір күнде шешу мүмкін емес дейді. Ендігі жұмыстар энергетика министрлігі мен облыс әкімдігімен бірлесе атқарылады.

Айта кетейік, Ақтауды жарық, жылу және сумен қамтамасыз етіп отырған кәсіпорында 3 жарым мыңнан астам адам жұмыс істейді.

Талғат Есентүгелов, «Маэк-Қазатомөнеркәсіп» серіктестігінің бас директоры:

– Бар үмітіміз аймақ әкімдігі, сала министрлігі мен төрелік комиссияның бірлесе атқаратын жұмысында. Айлықты тек 30 процентпен шектемей, алдағы уақытта да көтеру үшін бізге қаржы керек. Бұл ретте мемлекеттен көмек боларына сенеміз.