Жаңаөзенде ірі компаниялар халықты жұмысқа алып жатыр

Екі қолға бір күрек таппаған жаңаөзендіктерді өңірдегі ірі мердігер компаниялар жұмысқа алып жатыр.

Мәселен, соңғы 2 жылда 400-ден астам тұрғын «Өзенмұнайгаз» кәсіпорынына қабылданды. Енді жергілікті халықты «Қазмұнайгаздың» еншілес мекемелеріне орналастыру мәселесі көзделіп отыр. Бұл туралы «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы мәлімдеді.

Бұдан бөлек қызметкерлердің жалақысын арттыру да кезек күттірмес мәселенің бірі. Ол үшін Ұлттық әл-ауқат қоры қарамағындағы 90 мердігер компаниямен тиісті келісім жасады. Нәтижесінде 19 мың жұмысшының айлығы 40 процентке дейін көтерілді. Бұл ретте айлығы шайлығына жетпейтін пошта қызметкерлерін ерекше атап өткен жөн. Олардың еңбекақысы ақпан айында 7-ден 25 процентке дейін артты.