476,27 474,60 7,83
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Қостанайдағы автозауытта ашық есік күні өтті

  • 240
  • UPD: 22:47, 16.02.2022

Мың естігеннен бір көрген артық. Блогерлер мен журналистер Қостанайдағы автозауыттың аяқ алысымен танысты. Кәсіпорында ашық есік күні ұйымдастырылды. Келушілер ауыл шаруашылығы техникасына, жеңіл көліктер үшін қосалқы бөлшектер шығаратын «Агромашхолдинг KZ» және «СарыарқаАвтопром» зауытындағы өндірістің толық желісіне көз жеткізді. Машиналар мұнда дәнекерленіп, боялып құрастырылады. Осылайша теріс пікір, жаңсақ ой қалыптастырушылардың күмәні тағы бір мәрте сейілді.

«Агромашхолдинг KZ» зауыты еліміздегі оқшаулау өндірісінің үлесін ұлғайтудағы ауқымды жобаның бірі. Бояу, құрастыру, бөлшектерді кесу және дәнекерлеу. Блогерлер мен журналистер осының бәріне куә болды. Егін егу науқаны таяған тұста тұқым сепкіштерге сұраныс жоғары екен. 

Динара Шукижанова, "АГРОМАШХОЛДИНГ KZ" компаниясының вице- президенті:

- Түрлі ауыл шаруашылығы техникасына қажетті бөлшектердің 80 проценті осында шығарылады. Оқшаулау орталығы ауыл шаруашылығы, автомобиль құрастыру саласына бөлшектер өндіру мақсатында құрылды. 

«СарыарқаАвтопром» зауытында бес түрлі жеңіл көлік бренді шығарылады. Ашық есік күні қоғам өкілдері шанақты дәнекерлеу, бояу және ұсақ торапты құрастыру цехында болды. 

Айдос Жұқанұлы, журналист-блогер: 

- Кішкентай кезімізден теледидар көріп өскен бізге Қостанай облысы, СҚО астық, бидай жайқалған сары дала елестейтін. Сәйкесінше бұрынғы Кеңестік НИВА елестейтін. Енді қазір жаңа көрдік, «Есіл»деген комбайндар қандай керемет, біздің арман еді ғой ондай комбайнды өзімізде құрастыру деген.

Конвейерден күнделікті 200-ге жуық көлік шығарылады. Қазақстан нарығындағы қостанайлық зауыттың өнім үлесі 60 проценттен асып, былтыр 60 мың көлік шығарылған. Әр оныншы темір тұлпар ТМД елдеріне экспортқа жөнелтілді.

Яков Фёдоров, блогер:

- Шикізат металдың қалайша комбайн мен трактордың қосалқы бөлшегіне айналатынына көз жеткіздік. Әрине оқшаулаудың үлесі күн санап артып келеді. Осындай шаралардың нәтижесінде қазақстандықтардың отандық автоөндіріске деген сенімі молаятыны сөзсіз.

Отандық автоөндіріс нысандарында осындай ашық есік күнін өткізу енді дәстүрге айналмақ. Осылайша жас мамандарды техникалық мамандыққа деген қызығышулығын ояту жоспары тұр.

Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров

Хабар 24 телеарнасы