loader


Қазақстанда жасалған дрондарға сұраныс аз

Елімізде тікұшақ үлгісінде коптер құрастырылады. Ұшқышсыз басқарылатын аппарат бүгін елордада таныстырылды. Дрон әскери мақсатта, азаматтық және өнеркәсіп салаларында қолдануға арналған. Сипаттамасы бойынша шетелдікінен әсте кем түспейді. Алайда сұраныс аз. Жылына санаулысы ғана сатылады.

Қазір әскерде ұшқышсыз басқарылатын аппараттар сұранысқа ие. Мына дронды сол мақсатта да пайдаланса болады. Аппараттың мүмкіндігі мол. Бұл тек әскери емес, өзге салаларға да жарай береді.

Ратмир Комратов, «Қазақстан Инжиниринг» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының кеңесшісі:

- Біріншіден, бұл дронмен жерді өлшеп, сызуға болады. Яғни ауыл шаруашылығында қолдануға қолайлы. Төтенше жағдай қызметіне де жарайды. Тіпті еліміздің батысындағы мұнай құбырларын да осы коптермен бақылай аласыз.

Тікұшақ үлгісіндегі дронға «Ирбис» деген атау берген. Бұрын-соңды мұндай аппарат бізде жасалмаған. Көкке 7 келіге дейін жүк көтеріп, 60 шақырымға дейін ұшып кете береді. Өздігінен ұшатын мұндай қондырғыны біздің мамандар шетелдіктермен бірлесіп екі жылда жасап шығыпты. Дронның 40 процентін өзге елдің азаматтары құрастырған. 

Ардақ Бектасов кәсіпорынның бас директоры:

- Біз беларусьтермен әріптестік орнаттық. Олардан механикалық бөлікті аламыз. Бұдан бөлек әріптестеріміз бізге аккумулятордың батареяларын жібереді. Өзге бөлшектерін өзіміз құрастырамыз. Бағдарламасын да біз енгіземіз.

Дронның бағасы арзан емес. 50 миллион теңгеден асады. Негізінен мұны мемлекеттік органдар мен ірі өнеркәсіп компаниялары сатып алады. Жалпы елімізде осы күні өздігінен ұшатын аппарат шығаратын 6 кәсіпорын бар. Бірақ сұраныс шамалы.

Дмитрий Васильев, Ұшқышсыз ұшу аппараттары қауымдастығының президенті:

- Жасыратыны жоқ, баға мәселесінде қытайлықтармен бәсекелесу өте қиын. Көрші елде шығатын ұшу апараттары 80-90 процентке арзан. Ал соңғы жылдары біздегі кәсіпорындар 100 шақтысын ғана сатты. Сұраныс жоқ.

Ал жаңадан шыққан Ирбистің сатылымы қалай болады? Әзірге белгісіз. Дегенмен, компания басшылығы «биыл кем дегенде 8-9 аппарат сатсақ, бұл жақсы нәтиже болады» деп отыр. Жаңа дронның сатылымын да, сапасын да уақыт көрсетеді.

Қорған Қонысбайұлы, Ерлан Наурызбаев

Сондай-ақ...