Кәсіпкерлердің шығынын өтеу тетігіне өзгерістер енгізу қажет

Алматы қаласының өңірлік комиссиясы қаңтар оқиғасы кезінде зардап шеккен кәсіпкерлердің шығынын өтеу тетігіне өзгерістер енгізуді ұсынып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олар шығынның барлық санаты үшін 10 млн теңгеге дейінгі төлем сомасын «жеңілдетілген есеп» бойынша өтеуді сұрайды. «Сондай-ақ «жабдық» үшін де осы тетікті қолдану қажет. Оған қоса, адвокаттардың қызметіне ақы төлеуді қарастыру керек»,– дейді. Қала әкімі Ерболат Досаевтың айтуынша, бұл өтінімдерді қарау мерзімін 1 айдан 2 аптаға дейін қысқартуға және бизнеске келтірілген шығынды өтеу рәсімін едәуір жеделдетуге мүмкіндік береді. Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары, сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановтың қатысуымен өткен «Сауданы дамыту және бағаны тұрақтандыру» мәселелеріне арналған жиында айтылды.

Айта кетейік, әзірге  кәсіпкерлер жеңілдетілген жүйемен 3 миллион теңгеге дейінгі шығын сомасына ғана өтемақы алады. Кешенің өзінде осы жағдаймен «Ақиқат» қоғамдық комиссиясына 20 кәсіпкер шағымданған.