ШҚО: Серебрянск қаласындағы бейорганикалық зауыт мемлекетке қайтарылады

Шығыстағы Серебрянск қаласындағы бейорганикалық зауыт мемлекет қарамағына өтетін болды.

Бұл кәсіпорын 1990 жылға дейін танкі мен брондалған әскери техникаға арналған арнайы сүзгі шығарған. Ол кезде өндірісте 2 мыңға жуық адам еңбек еткен. Тоқсаныншы жылдың соңында жекешеленіп, бірден 9 цех жабылады. Күні бүгінге дейін зауытқа 9 компания иелік еткен. Қожайындар арасында халықаралық іздеуде жүргендер де бар. 2020 жылдан бері зауыттың жұмысшыларға еңбекақы қарызы 30 миллион теңгеге жетті. Қазір кәсіпорында санаулы ғана адам еңбек етеді. Әбден тұралаған өндіріс енді мелекеттің қарамағына өтті. Облыстық қаржы басқармасының мамандары нысанды жандандыру үшін түрлі жобаларды іске асырып жатыр. Қазірдің өзінде Үлбі металлургия зауытынан тапсырыс алып үлгірді.

Ксения Короткова, Серебрянск қаласы әкімнің орынбасары:

- Қазір 4 цех жалға берілген. Өндірістік сүзгілер шығарып жатыр. Биыл әкімшілік ғимараты толық жөнделмек.