Елордада экологиялық бизнес жобалар байқауы өтті

Үздік идея иелеріне бастамасын дамытуға және қажетті қондырғылар сатып алуға шағын гранттар берілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жалпы 6 жас кәсіпкер жеңімпаз атанды. «Нан қалдықтарын қайта өндеу» жобасын ұсынған Саламат Абилов 1 орынға ие болды.

Саламат Абилов, экологиялық бизнес жобалар байқауының жеңімпазы:

– Ірі қалаларда қоқыс тастайтын контейнерлерде нанның қоқымдарын көреміз. Бұл жанымызға қатты батады. Бірақ осы Алматы қаласында былтыр екі ағайын осындай жобаны іске асырып жатқанын көрдік. Солардың мысалымен контейнелердің қасында бөлек ыдыстарды қойып нанның қалдығы болсын, макарон өнімдері болсын, бөлек қорапқа салып, топтың мүшелері оны жинақтап, дробление, грануляцияға өткізіп дайын өнімді алады. Бұл өнімді кейін мал шаруашылығында пайдалануға болады малға жем ретінде.

Захира Беғалиева, қоғамдық қордың директоры:

– Бұл жоба халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан жастарға арналған. 36 қатысушы үш ай бойы инновациялық зертханада кәсіпкерлікті дамыту және әмбебап дизайнды қолдану бойынша білім алды. Оның 25-і финалға шығып, өз идеяларын қазылар алқасына ұсынды. 1-орынға 350 мың, 2-орынға 250 мың, ал 3-орынға 150 мың теңге көлемінде гранттар берілді.