Қостанай облысының тұрақтандыру қорында қырыққабат таусылды

Қостанай облысының тұрақтандыру қорында қырыққабат таусылды

Қостанай облысының тұрақтандыру қорында қырыққабат таусылды. Осыған байланысты әлеуметтік көкөністі  қосымша cатып алуға тура келді.

Қырыққабатқа шекті баға белгіленген. Келісі 104 теңге болғандықтан тұрғындар оны супермаркет сөрелерінен таппай қалды. Тек өнімді қайта сатып алудың нәтижесінде жағдай ретке келтірілді. Қазір алыпсатарлықты болдырмас үшін бір адамға бір түйір қырықабаттан артық сатылмайды.

Қырыққабат аймақтағы әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі тауарлар санатына жатады. Әкімдіктің қаулысымен қаңтардың соңында ақпан айының 28-іне дейін көкөніске шекті баға қойылған. Келісі 104 теңгеден аспауы шарт. Ал базарларда тұрақтандыру қорынан алынбаған бұл өнім 320 теңгеден бастап 400 теңгеге дейін саудаланып жатыр.       

Юлия Седнева, қала тұрғыны:

- Базарда бағасы үш есе қымбат. Келісі 320 теңгеден басталады. Ал мұнда әлеуметтік бағамен сатып алу мүмкіндігіне иеміз. Өте тиімді. Әрі қалтаға үнем. Сапасы да жақсы.

Осы айдың ортасында тұрақтандыру қорындағы көкөніс кенет таусылды. Сауда сөрелерін бос қалдырмас үшін операторлар қосымша көлемін сатып алды.

Ғизат Қаленов, «Тобыл» ӘКК бас менеджері:

- 50 тонна алынады деген келісім-шарт жасалды. Осы көлем толық өткізілгендіктен қосымша 20 тонна алдық. Бүгін түсіріліп болады. Біздің корпорация тарапынан бір келі қырыққабат 100 теңгеден өткізіліп жатыр. Ал сауда сөрелерінде 104 теңгеден аспауы тиіс.

Жалпы жыл басынан бері қант пен қырыққабатқа сұраныс едәуір артқан. Былтыр бір жылға жеткен көлем биыл небәрі екі айдың ішінде таусылып қалды. 

Ғизат Қаленов, «Тобыл» ӘКК бас менеджері:

- Былтыр 18-20 тонна қант өткізгенбіз. Ал биыл екі айда  қордан 204 тоннасы алынды. Қырыққабат бойынша да солай. Небәрі бір айдың ішінде 50 тонна өткізсек, ал 2021 жылдың қорытындысында осынша көлем алынған. 

Супермаркет иелері алыпсатарлықты да жоққа шығармаймыз дейді. Әлеуметтік қырыққабатты ірі көлемде алушылардың жолын кесіп отыр. 

Виктор Ивченко, сауда желісі директорының орынбасары:

- Қазір бір жарым тонна қырыққабат әкелдік. Кассада бақылау болса, осы көлем 2-3 күнге жетіп қалады. Әр тұтынушыға бір түйір қырыққабаттан артық сатпауға тырысамыз. Егер адам кассада бір қап үшін төлем жасаса, онымен түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Әлеуметтік тауарды тұтыну көлемінің шегі бар дегендей.

Аймақ кәсіпкерлері әлеуметтік тауарларды сатуға ынталы. Осының кесірінен сауда желілерінде тапшылық туындап отыр, дейді операторлар. 

Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров