Павлодар облысында «Қызылжар-Құс» фабрикасы жабылды

Павлодар облысында тауықтың бройлер тұқымын өсірген фабрика жабылып, 165 адам жұмыссыз қалды. Бұл кәсіпорын ет бағытында жұмыс істейтін және жылына 4 жарым мың тонна өнім өндіретін. Фабрика басшылығы мұны модернизациямен байланыстырады. Ал қыс көзі қырауда табыстан айырылған ауыл тұрғындары мемлекеттен көмек сұрайды.

- Нам восстановили, открыли фабрику. 

- Мы просим государство помочь вот фабрику открыть. 

- А то мы и на 60, и на 70 тысяч работали, и как-то уживались. У нас сейчас кредиты. Я ездила, наример, приостановить этот кредит свой. Тяжело, очень тяжело.

Қызылжар ауылындағы тұрғындардың жанайқайы бұл. Олар ұзақ жыл бойы құс фабрикасында еңбек еткен. Қаңтар айында кәсіпорын жұмысын тоқтатты. Бүгінгі күні 205 адамның 165 –і жұмыстан шығып қалған.

Рустам Нұртазинов, "Қызылжар құс" фабрикасының директоры:

- Біз жұмысшылармен еңбек шартын бұздық. Ол туралы Қазақстан Республикасының Еңбек Кодексіне сәйкес бір ай бұрын ескертіліп, тиісті төлемақылар толық көлемде берілді.

Мұнда тек ет бағытындағы бройлер тауықтары өсірілетін. Фабриканың өндірістік қуаттылығы жылына 4,5 мың тоннаны құрады.

Кәсіпорын директоры Рустам Нұртазиновтың айтуынша, модернизация көптеген фактор бойынша қажет болған. 

Рустам Нұртазинов, "Қызылжар құс" фабрикасының директоры:

- Құсханалардың бәріне күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары керек. Жаңғырту кезінде тоғыз құсхана жаңартылады. Қолданыстағы қондырғыларды алмастыруымыз қажет. Ол құс соятын цех, азық цехы және инкубатор.

Жаңғырту да керек шығар. Алайда жұмыссыз қалған біздің жағдайымыз не болмақ, дейді ауыл адамдары. Жуырда жергілікті әкімдік оларға арнап еңбек жәрмеңкесін өткізіпті. Ал ұсынылған жұмыстардың еңбек шарттары ел адамдарының көңілінен шықпаған. 

Алтынай Кенжебаева, "Қызылжар құс" фабрикасының жұмысшысы:

- Бардық біз бір организацияға. Кешкі тоғызға дейін. Кешкі тоғызға дейін біз ауылдан келген кісі қалай істей аламыз. Демалыс жұмысына бір-ақ рет дейді жексенбі күні. Ондай жұмыс бола ма? Біз елде тұрған соң үйде малымыз бар, жанымыз бар. Біз олай жүре алмаймыз. Фабрикамыз жанымызда, іргеде тұрғанда неге осы жерде істемеске. Дөп-дөкей фабрика тұрғанда неге елді бәрін осылай қаңғыртып, соған біз енді ренжуліміз.

Ауыл шаруашылығы басқармасы мұны нарық заңы дейді. Жекеменшік кәсіпорын шешімді өздері қабылдайды. Ал облыстың тауық етіне сұранысы 12 мың тоннадан асады. Жергілікті кәсіпорындардың үлесі 36 процентін жабатын. Енді бұл көрсеткіш айтарлықтай азаятын болды. 

Айдос Жақыпов, мал шаруашылығы бөлімінің бас маманы:

- Бізде басқа облыстардан құс еті әкелінеді. Сонымен қатар шамалы шетелден әкелінетін ет бар. Жалпы былтырғы 2021 жылдың қортындысы бойынша облыс бойынша қажеттіліктің 36 пайызын қамтамасыз еткен болатынбыз. Биыл одан да төмен болады. Жалпы қажеттілік басқа облыстардан жабылатын болады.

Егер шынымен де фабрика модернизацияға жабылған болса бір жылғы үзілістен соң жұмысын қайта жандандырады. Ал тауық етіне сұраныс өңірдегі басқа кәсіпорындардың есебінен толтырылады. Өңірде 4 құс фабрикасы бар. Оның екеуі ет, екеуі жұмыртқа бағытында жұмыс істейді. Бәрі бірдей мемлекеттен субсидия алып отыр. 

Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Жеңіс Темірболат