ЕЭК мүшелері құпия ақпаратты жария еткені үшін жазаға тартылады

Еуразиялық экономикалық комиссия мүшелері құпия ақпаратты жария еткені үшін жазаға тартылады.

Бүгін Сенат депутаттары тиісті заңның жобасын қабылдады. Құжат тәртіпті бұзған лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін реттейді. Мәселен, қызметіне кіріспес бұрын бұл азаматтар арнайы шартқа қол қояды. Яғни құпия мәліметтерді сақтап, жария етпеуге өз келісімін береді. Бұл құжат ел заңнамасына қайшы келмейді, әрі қаржы шығындарын талап етпейді.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы: 

- Қабылданған заң ЕЭК қызметінде бәсекелестік қағидаларының сақталуын бақылау негізіндегі жекелеген ережелерді нақтылайды. Бұл осы бағыттағы құпия ақпаратты қорғау тәртібін жетілдіруге және оны жария еткені үшін жауапкершілікті күшейтуде құқықтық негіз қалыптастырады.