Семейлік кәсіпкер қоқыс полигонын салу үшін жер сұрайды

Семей қалалық мәслихатының экс депутаты, қоқыс полигонының иесі Рафаиль Хазипов әкімдіктен прокуратураның ұйғарымын орындауды сұрап отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Яғни ескі полигонды жауып, жаңасын салу үшін арнайы жер бөлінуге тиіс. Оның айтуынша, атқамінерлер шағын бизнеске қолдау көрсетудің орнына халықтың қалтасына салмақ салатын жобаларды іске асыруға тырысып жатыр. Кәсіпкердің мәлімдеуінше, тұрмыстық қатты қалдықты қайта өңдеу және көму бойынша әкімдік жасаған жоба тиімсіз.

Қалалық полигонның иесі Рафаиль Хазипов министрліктің де табалдырығын тоздырған. Кәсіпкер қала әкімдігінің Семейде қалдықты қайта өңдейтін жобаны іске асыру туралы шешімі заңсыз екенін айтады. Одан бөлек, жергілікті атқарушы органдар шағын бизнестің жұмысына кедергі келтіріп отыр деген ойда.  Қалаға қажетті жаңа полигон салу үшін жер учаскесін беремей отыр екен.

Рафаиль Хазипов, кәсіпкер:

– Екі министрліктің шешімі бар. Сондай-ақ «Адалдық алаңы» комиссиясының бұл жоба іске асқан кезде тарифтің өсуіне байланысты қаладағы әлеуметтік ахуалға әсер етуі мүмкін деген қорытындысы бар. Полигонды өз қаражатына салу туралы бастаманы кез келген облыс әкімі қолдар еді.  Яғни біз бастама көтеру арқылы бюджет қаржысын үнемдеп, полигон салып береміз. Ол үшін тек жер учаскесі бөлінсе болды.

Әуежай мен жаңа шағын ауданға жақын орналасқан қоқыс полигоны осыдан 4 жыл бұрын жабылуы тиіс еді. Әкімдіктегілер Хазиповтың жер бөлуді сұраған 3 бірдей хатының не себепті жауапсыз қалғанын былай түсіндірді.

Рашид Шерубаев, Семей қалалық ткш бөлімінің басшысы:

– Жер қорынан учаске бөлу бойынша заңның бекітілген талаптары бар. Оған қажетті құжаттарды дайындау, инвестициялық ұсыныс, жоба тағы басқалары кіреді. Одан бөлек, жер телімі конкурс өткізу арқылы беріледі.

Айта кетейік, екі жыл бұрын кәсіпкер «өндірушінің кеңейтілген міндеттері» операторы есебінен арнайы техника мен мың жарым жаңа қоқыс контейнерін сатып алған.

Авторлары: Асем Утешева, Берик Жобалайұлы