Ресейге салынған санкциялар әлемдік экономика үшін зиян – Сарапшы

Ресейге салынған санкциялар әлемдік экономика үшін зиян – Сарапшы

Ресейге алғаш болып қатаң санкциялар енгізген АҚШ пен Ұлыбритания болды. Вашингтон мен Лондон Еуроодақ сияқты Мәскеуге қарсы бір емес бірнеше шектеу шарасын қабылдады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ресейге санкция салғандардың қатарында Австралия, Канада, Жапония да  бар. Канберра Ресейдің 62 компаниясы мен ірі банктеріне және жеке азаматттар мен олардың отбасыларын шектеу енгізсе, Оттава Ресейге тауар тасымалдайтын барлық канадалық компаниялардың лицензияларының күшін жояды. Ал Жапония ресейлік банктердің капиталын бұғаттап, виза беруді тоқтатпақ. Бірақ Мәскеуге қарсы санкцияларға салуға қарсы шығып жатқан елдер де жоқ емес. Мысалы, Қытай бұл шектеу шараларын біржақты әрі заңсыз деп сынға алды.

Әсел Назарбетова, ҚР Президенті жанындағы стратегиялық зерттеулер институтының бөлім басшысы:

– Әрине бұл санкциялардың сол Ресейдің экономикасымен тығыз байланысты мемлекеттер үшін зияны жанама түрде болады, сондай-ақ ықпалы, себеп-салдары болатындығы белгілі. Бұл тек қана Ресейдің көршілес мемлекеттері немесе экономикалық ұйым аясындағы елдер үшін ғана емес, бұл санкциялар әлемдік экономика үшін зиянын айтуымызға болады. Себебі қазіргі таңда жаһандану дәуірінде мемлекеттердің барлығының экономикалары болсын, жалпы өзара байланыстылық, өзара тәуелділік деген жоғары. Мысалы, егер Ресей қазір өзінің шикізат көзін батыс елдеріне шығармайтын болса, олардың да экономикасына зардабы болады. Сондықтан санкцияларды енгізбестен бұрын мемлекеттер барлық тәуекелдерін, мүмкін болар жолдарын қарастырып, шешім қабылдайды. Себебі бұдан Ресей экономикасы ғана емес, басқа да ұлттық экономикалар болсын, аймақтық, ғаламдық экономикалар болсын зардабы болатыны белгілі.