Ұлттық банк дағдарысқа қарсы шаралар дайындады

Үкімет пен Ұлттық банк азаматтардың теңге жинақтарын сақтау үшін арнайы бағдарламаны жүзеге асырады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір еліміздің бас банкі инфляцияның қатты өсіп кетпеуіне бағытталған шаралар пакетін әзірлеп жатыр. Үкімет отырысында сөз алған төраға Ғалымжан Пірматов елдегі қаржылық ахуалды реттеу үшін инфляциялық таргеттеу режимі сақталатынын айтты. Қажет болса, валюталық интервенцияны да кәдеге жаратады. Біздегі импорттың 40 проценті Ресейден келеді. Демек ондағы геосаяси ахуал мен елге жасалған санкциялар әсері біздің экономикаға да тиеді. Қазірдің өзінде рубльдің әлсіреуі қазақстандық қаржы нарығына кері ықпал етіп жатыр. Оған сай базалық мөлшерлеме 13,5 процентке өскені белгілі. Өткен аптада 176 млн АҚШ долларына валюталық интервенция жүргізілді. Әзірге біздегі ішкі халықаралық резервтер көлемі 87,7 млрд долларға тең. Алтын-валюта қорында 37,7 млрд доллар бар.