Қарағанды облысында көшпелі жұмыспен қамту орталықтары шалғай ауылдарды аралайды

Қарағанды облысында 5 мыңнан астам жұмыссыз ретінде тіркелген. Бірақ жұмыспен қамту орталығында 6 жарым мыңға жуық бос жұмыс орны бар. Сонымен қатар өңірге соңғы уақытта тартылған инвестициялар нәтижесінде техникалық және жұмысшы мамандықтар кәдімгідей тапшы болып отыр. Дисбалансты жою мақсатында енді жұмыспен қамтудың жаңа моделі енгізіле бастаған. Көшпелі жұмыспен қамту орталықтары облыстың шалғай ауылдарына дейін барып, бос жұмыс тізімін ұсынады.

Жоба қалай жұмыс істейді? 

Төлеу Жалбыров Бұқар жырау ауданынан 50 шақырым қашықтықтағы Белағаш ауылында тұрады. Екі қолға бір күрек таба алмай жүргеніне де біраз уақыт болыпты. Бүгін көшпелі жұмыспен қамту орталығына зор үмітпен келіп отыр.

Төлеу Жалбыров, Қарағанды облысының тұрғыны: 

- Бұрын жұмыс істегем 2,5 жыл, Ботақара Су қожалығында слесарь болып, өз ауылымда. Қазір жұмыс керек болған соң қайта іздеп жүрмін, сол үшін келдім. Ауылда тұрған соң жұмыс аз. Бүгін тіркеліп қойып, кейін жұмысқа кірейін дегем.

Төлеу Мұхтар, облыстық жұмыспен қамту орталығы басшысының орынбасары: 

- Біз бүгінгі күні жұмыссыздар қашан бізге келеді деп күтіп отырмай, тікелей адрестік жұмыс жасап жатырмыз. Өзін өзі қамтыған азаматтар шоғырланған жерлерге тікелей барып, тікелей жұмыспен қамту шараларын жүргізіп, нақты жұмысқа тартуға болады.

Кәсіппен айналысуға бөлінетін грант көлемі былтыр 600 мың теңге шамасында болса, енді 1 млн 200 мыңға дейін өсті. Десе де, ауданда былтырғы грантпен кәсібін ашқандар бар. Соның бірі 3-топтағы мүгедектігі бар, көп балалы ана Алмагүл Шағдабайқызы.

Алмагүл Шағдабай, жеке кәсіпкер:

- Мемлекеттік грантқа аппарат, сепаратор және морозильник сатып алдым. Жұмысқа қабылдап алған кісім бар, ол шаруашылық бойынша көмектеседі, бірақ сүт өнімдеріне өзім жауаптымын. Алдағы жоспарым, ос сүт өнімдерін сататын шағын дүкен ашсам деп ойлаймын. 

Биыл Бұқар жырау ауданы бойынша «жастар практикасы» мен «алғашқы жұмыс» жобасы бойынша жүздеген жас маман жұмыспен қамтылады. Ал облыс бойынша бизнес бастау жобасымен 1200-ден астам адамды оқыту көзделген. Кейін олар да мемлекеттік грантқа қатыса алады. Ал өзге жұмыссыздарды көшпелі пункттен өзге ірі жұмыс берушілермен жүйелі түрде кездестіріп тұру жоспарланған.

Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков