Түркістан облысына инвестор тарту мүмкін болмай тұр

Түркістан облысына ірі инвесторларды тарту мүмкін болмай тұр. Өйткені индустриялық аймақтың тиімділігі төмен. Салдарынан өңірде ірі зауыттардың орнына шағын кәсіпорындар мен шеберханалар жұмыс істеп жатыр.

Түркістанның өнеркәсіп орталығы осындай жұпыны күйде. Аз ғана құрылыс нысанынан өзге адам да, техника да байқалмайды. Жалпы мұнда 17 кәсіпорын шоғырланған. Олар металл торлар мен кірпіштер, бетон бұйымдарын өндіреді. Бұл жаққа жол да салынған, инженерлік желілер де тартылған. Алайда күрмеулі мәселе жоқ емес. Мысалы, жиһаз дайындайтын жергілікті мекеме өкілдері теміржол қызметіне шағымданып отыр.

Камол Юлдашев, кәсіпорын басшысының орынбасары:

- Мына тупикті 2015 жылы салған. Тапсырған, бірақ жұмыс істемейді. Оны айттық. Парламент депутаттары келді, мәжілісмендер келді, облыс әкімі ауысып жатыр. Қала әкімі жылына ауысады. Бірақ шешім таппай отыр.

Мамандардың айтуынша, 40 гектар аумағы бар индустриялық аймақ үшін 17 шағын кәсіпорын аздық етеді. Оған қоса биыл тағы бір өнеркәсіптік орталық ашу жоспарланып отыр. Алайда жаңа кәсіпорын салатындардың қатары аз. 

Талғат Мамытов, "Turkistan" индустриялық аймақтарды басқарушы компанияның басшысы:

- Осы сұрақты өз арамызда күнде қоямыз, не істейміз, қалай қыламыз деп. Әрине жұмыс болғаннан кейін кемшіліктер де болады. Бәрін жақсы, керемет деп те айтуға болмайды. Қолымыздан келгенше іс-шараларын істеп жатырмыз. Бәрі қаражатқа байланысты ғой. Біз оператормыз ғой, өкілеттік жоқ.

Сарапшылар тариф құнының қымбат екенін айтады. Соның салдарынан инвесторларды тарту да өзекті мәселеге айналып отыр.

Жанна Тілеубекова, "Атамекен" ҰКП облыстық филиалы директорының орынбасары:

- Индустриялық аймақтарда коммуналдық қызмет тарифтері бойынша жеңілдіктер қарастырылмаған. Электр энергиясының құны қымбат. Көрші Өзбекстанда "Навои" және "Сырдария" индустриялық аймақтары бар. Ал онда кәсіпкерлер электр энергиясы үшін екі есе аз төлейді.

Түркістан облысында барлығы 9 индустриялық аймақ бар. Оның үшеуі қазір пайдаға жарамай тұр. Мысалы, осыдан 7 жыл бұрын ашылған Бәйдібек ауданындағы индустриялық аймақ әлі күнге дейін қолданысқа берілмеген.

Қуат Оңғаров, облыстық энергетика және ТКШ басқармасы бөлім басшысының м. а.:

- Құрылыс жұмыстары толығымен аяқталып, кемшіліктері анықталған. Кемшіліктері болғанда оңтүстік жақ транзит мекемесінің қосылу нүктесі жағынан қойылған КТП-ларында сәл зақымдау болып, өрт шыққан, күйген. Солар қайта жаңартылып жатыр. Наурыз айының аяғында жаңартылып болғаннан кейін сәуір айында аудан меншігіне тапсыруға жоспарлануда.

Өңірдің әлеуеті зор болғанымен инвестор тарту мүмкін болмай отыр. Бұл мәселенің неге жолға қойылмай отырғаны туралы атқамінерлер жауап беруден бас тартты. Қазір облыстағы өнеркәсіп орталықтарының тиімділігі 37%-ті құрайды. Ал көрші жатқан Шымкенттің бір ғана индустриялық аймағында құны 63 млрд теңге болатын 75 жоба іске асырылған.

Асланбек Шығыр, Рауль Габитов, Ерболат Абишов, Куаныш Абуов