Ақмола облысында 300-ден астам әйел орман шаруашылығында еңбек етеді

Ақмола облысында 300-ден астам қыз-келіншек орман шаруашылығында еңбек етеді. Олардың арасында орманшы, агроном, инженер, эколог және шеберлер бар. Жыл он екі ай өскіндерді күтіп, табиғатпен біте қайнасқан қыз-келіншектердің еңбегі.

Кішітүкті ауылы маңындағы орман шаруашылығында еңбек ететін Анастасия Санарованы әмбебап әйел деуге болады. Өйткені ол жазда осындағы өрт сөндіру бекетінде, ал қыста ағаш тұқымын алумен айналысады. Айтуынша, екеуі де оңай емес, жауапкершілігі мол.

Анастасия Санарова, орман шаруашылығының қызметкері:

- Мұнда жұмыс істеу қиын. Екінің бірінің қолынан келмейді. Тұқым алу үшін бұл жерде үнемі пеш жанып тұрады. Яғни өте ыстық. Қондырғыға түскен қарағай бүршігін қатты күйдіріп алмау керек. Соны да қадағалап тұрамыз. Ол күйіп кетсе, тұқым да жарамай, сараптамадан өтпей қалады.

Орман шаруашылығында әйелдер әсіресе көктем мен жазда көбейеді. Себебі көшеттерді отырғызудан бастап, олардың барлық күтімі нәзік жандылардың мойнында. Солардың бірі сандықтаулық Надежда Зинатова қатарынан 16 жыл ағаш егуге атсалысып келеді.

Надежда Зинатова, орман шаруашылығының қызметкері:

- Жолда кетіп бара жатып, кезінде өзің еккен ағаштардың жайқалып өсіп тұрғанын көргенде қатты қуанасың. Жаныңдағыларға бұл, менің ағашым деп айтқың келеді. Осы уақытқа дейін мыңдаған  ағаш отырғыздық. Жұмыс ауыр болса да өзіме ұнайды.

Сала мамандарының сөзінше, аймақта 10-нан астам орман шаруашылығы бар болса, солардың әрқайсысында кемінде 10 шақты қыз-келіншек жұмыс істейді. Сондай мекемелердің бірінде еңбек етіп жүрген орманшы әйелдерді мереке қарсаңында облыстық басқарма өкілдері арнайы келіп құттықтады.

Болат Төкішев, облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалану басқармасы басшысының орынбасары:

- Жаздың ыстығы мен күн райының түрлі қолайсыздығына қарамастан мені олардың еңбекқорлығы мен табандылығы таңқалдырады. Ал көшеттерді сәби секілді мәпелеп өсіреді. Сондықтан біз орман шаруашылығын әйелдерсіз елестете алмаймыз. Олардың еңбегі орасан зор. 

Бірақ жұмыстың аты жұмыс. Қызмет барысында оларға ешкім «бұлар нәзік жандылар ғой» деп, жұмысын жеңілдетпейді. Орманшы қыз-келіншектер де ерлермен қатар иық тіресе еңбек етіп келеді. Нәтижесінде жер-жерде орман алқаптары көбейді. Мәселен, астанадан Бурабайға дейін жол бойындағы тоғайдың пайда болуы солардың есіл еңбегінің нәтижесі.

Дамир Берікұлы, Виктор Полянный