Ресейде доллардың қолма-қол айналымына тыйым салынуы мүмкін

Ресейде шетелдік валютаны қолма-қол ақшаға айналдыруға тыйым салынуы мүмкін. Яғни елде доллар айналымы мүлдем тоқтатылады.

Отандық экономист сарапшылар осылай деп отыр. Бұл өзгеріс Қазақстанның экономикасына да кері әсерін тигізеді. Ұлттық банк тиісті шаралар қабылдамаса, төл теңгеміз құлдырап кетеді. Біздің елде доллар мен еуроны шоттан шешіп алуға тыйым салына ма, жоқ па, белгісіз. Әзірге Ұлттық банк бұл мәселе жайында ақпарат жариялаған жоқ.

Арман Бейсембаев, қаржы сарапшысы:

- Егер Ресейдегі ахуал тағы күрделенсе, валюта айырбастауға шектеу қойылады. Жақын арада жергілікті халықты валютаны рубльге ауыстыруға мәжбүрлей бастаса, таңқалмаймыз. Яғни жеке және заңды тұлғалар долларды пайдалана алмайды. Өкінішке орай, біздің ел де осындай шешімге келуі мүмкін.

Арман Бейсембаевтың пікірінше, жағдай ушықса, Қазақстанда базалық мөлшерлемені көтеруге тура келеді. Ресейде бұл көрсеткіш қазір 20 процентке тең. Бірақ базалық мөлшерлеме ұлғайса, халыққа несие беру тоқтап қалады. Оны болдырмау үшін көрші ел азаматтарының  өз қаражатын бізге келіп айырбастауына шектеу қойған жөн.

Арман Бейсембаев, қаржы сарапшысы:

- Жағдай өте қауіпті. Қазірдің өзінде рубль мен теңге арасында айтарлықтай айырма бар. Ресейліктерге Қазақстаннан доллар сатып алу тиімді болып тұр. Мәселен, қазір бір доллар 130 рубльге тең. Егер рубль 5 теңге тұрса, ұлттық валютамыз 650 теңгені құрауы тиіс. Бірақ әзірге бір доллар 520 теңге шамасында. Соны пайдаланғысы келетіндер жетерлік. Оған жол беруге болмайды.