Жаңа экономикалық серпін беретін нарық іздеуіміз керек – сарапшы

Ресейге салынған санкциялар бірінші кезекте онымен тығыз экономикалық қарым-қатынастағы мемлекеттерге әсер етеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олардың қатарында Қазақстан да бар. Экономист Бауыржан Ысқақовтың пікірі осындай. Маман арнамызға берген сұхбатында Ресейге салынған санкциялардың біздің елге кері әсерін азайту үшін қандай шаралар қабылдау керектігін айтты. Сондай-ақ бұл шектеулерден Қазақстанға миграциялық қауіп төніп тұрғанын да ескертіп, мұнай бағасына қатысты өз болжамымен бөлісті.

Бауыржан Ысқақов, экономист:

- Қазақстан мен Ресей арасындағы былтырғы 2021 жылғы сауда айналымның өзі 27-30  млрд доллардан асқан. Жалпы Қазақстанның экономикасындағы Ресейдің импортпен қамтамасыз етудің үлесі 40 пайыздан асады. Яғни Ресейде болып жатқан барлық экономикалық қиыншылықтардың, таяқтың екінші ұшы Қазақстанға да тиіп жатқаны белгілі. Біздің Қазақстанның экономикалық бағытының өзі импортқа тәуелділіктен арылу жолдарын қарастыру керек. Бізге жаңа экономикалық серпін беретін нарық іздеуіміз керек. Біздің экспортымызға сұранысты қалыптастырып отырған Ресей арқылы емес, Азияның басқа мемлекеттерінде біздің шикізатқа деген сұраныс жоғары екенін білуіміз керек. Міне осы бағытта біз позициямызды айқын бағыттауымыз керек. Және де Ресей Федерациясында болып жатқан санкцияның тағы да үлкен бір құбылысы – ол сол елден қашып жатқан, сол елден көшіп жатқан адамдардың да қаупімен байланысты, яғни миграциялық толқындар. Қазіргі уақыттың өзінде Ресей Федерациясынан жоғары білімді, білікті мамандардың көбі үлгеріп, Батыс мемлекеттеріне қарай кетіп қалған. Ал біздің Қазақстанға келетін мамандар дәл сондай сапалы бола ма, болмай ма деген үлкен сұрақ туындайды. Яғни ол бізге қандай да бір экономикалық тиімділік әкеле ме, әлде ол жұмыссыздардың санын көбейтіп, басқа да біздің ұлттық қауіпсіздігімізге әсерін тигізетін, халықтың шоғыры көбейе ме деген сұрақ туындап отыр.

Сарапшылардың пайымдауынша, алдағы уақытта қара алтын да, газ да қымбаттай түседі. Өйткені шектеулерге байланысты Ресейден тасымалданатын шикізат көлемінің азаюы салдарынан нарықта сұраныс артады. Экономист-сарапшы Бауыржан Ысқақовтың айтуынша, мұнай бағасының жоғары болуы ОПЕК-ке мүше мемлекеттер үшін тиімді.