Мемлекет грантына монша ашқан кәсіпкердің ісі сотқа жолданды

Мемлекет берген грантын қайтарып алмақ. Сарыағаштан солтүстікке көшіп барып, монша ашқан жігітің шақшадай басы шарадай болды. Тиыннан тиын құрап, адал еңбекпен күн көрем деген Ғани Жүсіпбековтің енді сотқа күні түсті. 

Мемлекеттен ақшаны алуын алған, моншаны да тұрғызған, ісін де дөңгелетіп отыр. Енді не керек?  

Ғани Жүсіпбеков 2016 жылы отбасымен оңтүстіктік өңірден солтүстікке қоныс аударған. Алғашқыда Бексейіт ауылында тұрып, жергілікті шаруашылықтардың бірінде механизатор болып жұмыс істеген. Алайда жалақысы аз болған соң аудан орталығына көшіп, өз ісін бастаған.

Азамат кәсіптен нәсіп табамын деп, «Бизнестің жол картасы - 2025» бағдарламасы бойынша мемлекеттен қайтарымсыз грант ұтып алған. 2 миллион 400 мың теңгеге жуық қаражатқа Мамлютка қаласынан жалпы аумағы 36 шаршы метрді құрайтын монша тұрғызыпты. Бірақ бастаған ісі аяқсыз қалуы мүмкін. 

Ғани Жүсіпбеков, Мамлютка қаласының тұрғыны:

- Берген грантты қайтаруды талап етіп отыр ғой, енді олар. Бизнес планда көрсетілген нәрселердің барлығы алынған. Екінші рет комиссия жіберуін өтінемін. Сот төрт рет болды. Орысша жүріп жатыр сот. Бірақ мен орысша білмегендіктен, ештеңе түсінгенім жоқ. Оларға мен түсіндіріп айттым. Қазақша ғана жүргізуін өтіндім.Бірақ олар менің сөзіме ешқандай да менің сөзіме мән беріп отырған жоқ.

Қазіргі таңда Ғанидың моншасына айына жүзге жуық адам келеді. Оның өзінде еш пайда көрмеймін дейді ол. Ал жауаптылар мемлекеттік грантты қалай игерілгенін тексеріп, бірқатар олқылықты әшкере еткен.

Нұржан Садықов, облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары:

- Мониторинг кезінде комиссия мүшелері моншада бірқатар заттың жоғын анықтады. Мәселен бизнес жоспар бойынша мұнда кресломен диван болуы керек. Жиһаздар үйде тұрған. Бұдан қалды мемлекеттік гранттың ақшасына сатып алынған электр қондырғылары басқа ауылдағы моншадан табылды. Мұнымен қоса, талап бойынша ол екі адамды жұмысқа алуы керек еді.  

Қазір қоныс аударушының ісі облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотында қаралып жатыр. Мемлекеттік грант талаптарын орындамаған азаматтың кінәсі делелденсе, 2,5 миллион теңгедей қаражат қайтадан бюджетке қайтарады. Жалпы 2021 жылы өңірде тұрғындарға 50-ден астам қайтарымсыз гранты берілген.

Самат Қайырденұлы, Төлеген Иманов