Елімізде құс өнімдері қымбаттай ма?

Одақ президенті Руслан Шәріповтің айтуынша, Ресейге қарсы санкциялар салқыны бізге де сезіледі. Өйткені қажетті жабдықтардың жеткізілуіне кедергі көп, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оған қоса көрші елдің арзан жұмыртқалары біздің нарықты жаулауы мүмкін.

Еліміздегі құс өсірушілер нарықтағы орнынан айырып қаламыз ба деп қорқады. Одақ Президенті Руслан Шәріпов қазақстандықтарды құс өнімдерімен толық қамтуға қауқарымыз жетеді дейді. Алайда Ресейге салынған санкциялар салдарынан рубль бағамы түсіп, доллардың шарықтауы байқалып тұр. Демек, жұмыртқа мен құс еті елімізге бұрынғыдан да арзан бағамен жеткізілуі мүмкін. Бұл отандық құс өсірушілерді екі есе тығырыққа тірейді. Себебі еліміздегі жем таусылуға шақ. Оның бір тоннасы 130 мың доллардан асады. Ал Ресей ЕАЭО аумағында тамызға дейін астық эспортына тыйым салмақ. Жалпы жұмыртқа бағасының 70 процентін осы жем құрайды. Оған қоса, асыл тұқымды балапан, құс өсіруге қажет жабдықтардың бәрі шет елдерден алынады. Олар елге Ресей арқылы келетін. Порттардың жабылуы түйткілді күрделендіреді. Руслан Шәріпов отандық құс өсірушілерге қолдау керек дейді. Ол үшін Ресейден келетін жұмыртқа мен құс еті импортына шектеу қою қажет. Қазірдің өзінде елде 6 құс фабрикасы жұмысын тоқтатқан. Тағы үшеуі жабылу алдында тұр.    

Руслан Шәріпов, Қазақстан құс өсірушілері одағының президенті:

- Ресейдегі жем бізге қарағанда арзан болатын. Елдегі азық-түлік корпорациясы 200 мың тоннадай астықты құс өсірушілерге деп алып қалды. Алайда ол тым қымбат. Жыл сайын біз 4-5 санаттағы жемнің 650-700 мың тоннасын қолданамыз. Бұл көлемді ұлғайту керек. Бірақ, қаржымыз жоқ. Енді Үкіметтен көмек сұраймыз. Мәселені шешу үшін арнайы қор құрып, азық-түлік корпорациясына алынатын жемді көбейтсе екен. Рубльдің төмендеуінен ресейлік құс өнімдері арзандап кетті. Енді олар бізге жеткізіле бастай ма деп отырмыз. Біздің жағдайда баға өсуі мүмкін. Соған қарамастан, қазақстандықтардан отандық құс өнімдерін тұтынуды сұраймыз.

Жұмыртқа өндірушілер қауымдастығының президенті Максим Божко қазірдің өзінде елдегі жұмыртқаның 10 процентке қымбаттағанын айтады. Доллар реттелмейінше, баға қымбаттай береді. Өкінішке қарай, елімізде құс өсіруге қажет жем ғана бар. Дәрумен, екпе, өзге де құрал-жабдықтар түгел сырттан әкелінетінін айттық. Мамандар субсидияны қайтарады деген үмітін үзгісі жоқ. Өйткені, фермерлер қазірдің өзінде шығынға батып жатыр. Кейбірі құс басын азайтуға бекінген. Доллардың қымбаттауы сиыр еті құнына да әсер еткен екен. Ет одағы хабарлағандай, өнімнің келісі 3,5 мың теңгеге барады. Оған былтырғы қуаңшылық пен жемнің қымбаттауы да себеп.

ПОЛИГРАФИЯ ҚЫЗМЕТІ ҚЫСЫЛТАЯҢ ШАҚТА

Еліміздегі полиграфия кәсіпорындары да абдырап қалды. Өйткені олар шетелдік шикізат пен жабдықтарға тәуелді. Ірі полиграфиялық кәсіпорын басшысы Сәния Ирсалиева елде өндіріске қажет қағаз да шығарылмайтынын айтады. Бәрі Ресей, Финляндия, Германиядан алынады. Ал дизайнерлік қағаздар тек Италияныкі. Әлемдегі қымбатшылық өз алдына, кәсіпкерлер Ресейге салынған санкциялар тауарды дер кезінде жеткізуге кедергі келтіре ме деп алаңдайды. Оның үстіне көрші елден алынатын сапалы қағаздар қымбат әрі жетіспей жатыр. Сәния Ирсалиева тапсырыстардың азаймағанын айтады. Алайда, қор таусылса, қызмет ақысы қымбаттауы мүмкін.

Сәния Ирсалиева, ірі полиграфиялық кәсіпорын басшысы:

- Жабдықтарды түгел Ресей арқылы аламыз. Өнім бағасы өсіп кетсе де, жұмысымыз тоқтап қалмаса екен деп отырмыз. Өйткені логистика мәселесі қиындап тұр. Біз жабдықтарға күнде тапсырыс беріп отырамыз ғой. Мысалы, тонер жоқ болса, өндіріс тұрып қалады. Енді міне, Ресейде де сапалы қағаздарға тапшылық туған. Полиграфияда 5000 тауар түрі шығарылады. Жағдай күрделене берсе, қызмет ақысын 15-20 процентке арттыруға мәжбүрміз.

ОРТАҚ ВАЛЮТА ПАЙДА БОЛУЫ МҮМКІН БЕ?

ЕАЭО пен ҚХР тәуелсіз халықаралық валюталық-қаржы жүйесін түзбек. Бұл туралы Еуразиялық экономикалық комиссияның интеграция және макроэкономика министрі Сергей Глазьев айтты. Кеше одақтың телеграм-каналында осындай ақпарат тараған еді. Халықаралық валюта қатысушы елдердің ұлттық валютасы мен биржалық тауар бағасының индексі ретінде есептеледі. Ай соңына дейін алғашқы жоба ұсынылуы керек-тін. Алайда кешірек, бұл мәлімет сайттан алынып тасталды. Сергей Глазьев бастаманың әлемдік экономиканың бәсеңдеуіне байланысты тараптардың қарым-қатынасын нығайтуға жол ашатынын айтқан.