Қазақстанда азық-түлік тапшылығы бола ма?

Үкімет қант қат болмайды дейді. Алаңдауға негіз жоқ. Бүгін Үкімет отырысында ауыл шаруашылығы министрі осылай деді. Ербол Қарашөкеев бүгінгі таңда шамамен 1 миллион 300 мың тонна әлеуметтік маңызы бар азық-түлік қоры жиналды деді. Министрдің айтуынша, қор күн сайын толықтырылып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Атап айтсақ, 144 мың тонна ұн мен 40 мың тоннадай күріш жиналған. 21 жарым мың тонна макарон өнімдері және шамамен 900 мың тоннадай көкөніс қоймада жиналып тұр. Азық-түлік қоры күн сайын жаңартылады. Оны даярлауға қажетті шикізат та жеткілікті. Сол себепті ахуал тұрақты. Өзімізге, елге жететіндей әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің көлемі жеткілікті.

ЕЛДЕ ҚАНТ ЖЕТКІЛІКТІ МЕ?

Ербол Қарашөкеев, ҚР ауыл шаруашылығы министрі:

- Қазіргі таңда бізде 90 мың тоннадай қант бар. Оның ішінде тұрақтандыру қорларында, сауда обьектілерінде, қоймаларда 38,2 мың тонна қант бар. Зауыттардағы шикі қантты есепке алатын болсақ, 20 мың тонна дайын қант, 20 мың тоннадай шикі қант бар. Азық-түлік келісімшарт корпорациясында 2,5 мың тонна қант бар. Осы қантты өңірлерге бөлу жұмыстары жүріп жатыр. Одан басқа Қазақстан Республикасының 31 тамызға дейін 250 мың тонна көлемінде ақ қант пен шикі қантты бажсыз әкелуге құқығы бар. Ол квоталар қазір бөлініп жатыр. Сыртқы нарықтағы сауда қызметіне қатысушылар осы қантты әкелу жұмыстарын бастап кетті. Жақын арада әкеле бастайды.

Әлихан Смайылов, ҚР премьер-министрі:

- Яғни азық-түлік жеткілікті, қант жеткілікті, сатылған кезде қосымша өндіріліп отыр, сырт жақтан тағы да қосымша әкелініп жатыр, күнделікті ол қор толықтырылып жатыр деген әңгіме ғой?

- Министр: Иә, рас Әлихан Асханұлы. Ахуал тұрақты. Керекті көлем бізде өзімізде бар.

- Премьер-министр: Алаңдау үшін негіз жоқ деген сөз ғой?

Министр: Негіз жоқ, рас айтасыз.