Ортақ валюта теңгені әлсіретуі мүмкін – экономистер

ЕАЭО мен ҚХР тәуелсіз халықаралық валюталық-қаржы жүйесін түзбек, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кеше одақтың телеграм-каналында Еуразиялық экономикалық комиссияның интеграция және макроэкономика министрі Сергей Глазьевке сілтеме жасап, осындай ақпарат тарады. Алайда кешірек бұл мәлімет сайттан алынып тасталды. Қалай болғанда да бұл бастаманы Қазақстан қолдамайды. Экономист Мақсат Халықтың сөзінше, біз ЕАЭО аясында болуы мүмкін ортақ валютаның өзіне қарсымыз. Қазір еліміз үшін ішкі нарықты, экономикалық қауіпсіздікті ойлау қажет. Ең бастысы импортқа тәуелділіктен құтылу маңызды. Экономисті Ресейге салынған санкциялардың Қазақстанға кері әсер етіп жатқаны ойландырады. Банк жөніндегі тәуелсіз сарапшы Нұржан Бияқаев та бұл бастамаға келісуге болмайды дейді. Өйткені теңгенің еркіндігіне зиян келуі мүмкін. Рубльге тәуелді болған сайын экономикамыз әлсірей береді дейді сарапшы.

Мақсат Халық, экономист:

- Бізге ешқандай да ортақ валютаға қосылудың қажеттілігі жоқ. Тіпті, Қытай мен Ресей сияқты мемлекеттермен қандай да бір экономикалық тұрғыда болсын осындай ортақ валюталық жобаларға қосылатын болсақ, біз әлемдік қауымдастықтан, қаржылық жүйеден санкция тілеп алған боламыз. Сондықтан ойлаймын, қазіргі уақытта мұндай қадамды мүлде жоқ деп айту керек.

Нұржан Бияқаев, банк жөніндегі тәуелсіз сарапшы:

- Осы 30 жылда еліміздің импортқа тәуелділіктен толық арылуына мүмкіндігі бар еді. Мен оны үнемі айтамын. Ресейден тауар алу, оның валютасының ығына жығыла беруге болмайды. Бұл тек отандық өндірушілерді қолдау арқылы жүзеге асады. Осылай жасасақ қана теңгені нығайта аламыз. Ал ортақ валюта мәселесіне мен түбегейлі қарсымын. Бұл бастама Қазақстан үшін тиімсіз. Қазіргі әскери қақтығыс кезінде бұл ресейлік рубльді сақтап қалу үшін керек. Ал Қазақстан мен ұлттық валютамыз үшін мұндай қажеттілік жоқ қазір. Бұл жобаны қолдайтын болсақ, қаржылық еркіндік бойынша құзырымызды жоғалтуымыз мүмкін.