Әзербайжан – Қазақстан транзиттік әлеуетін арттыру көзделді

Батыс елдерінің Ресейге қатысты қабылдаған санкциялары бірінші кезекте көлік логистикалық жүйесіне кері әсерін тигізді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгінде жүк иелері тауарды Ресей арқылы тасымалдаудан бас тартып отыр. Бұған шекараның жабылуы мен порттар жұмысының тұралауы себеп, дейді кәсіпкерлер. Енді басты назар Каспий теңізі арқылы өтетін логистика жолдарына түсті. Жаңа кәсіпорын тасымалды жеңілдетіп, өтпелі тариф пен жүктерді декларациялау бойынша бірқатар мәселелерді шешетін болады. Қазірдің өзінде «Әзірбайжан темір жолы» бағыты арқылы Қазақстаннан мазут тасымалданып жатыр.

Ильгар Велизаде, «Оңтүстік Кавказ» саясаттанушылар клубының басшысы:

– Украинадағы ахуалға байланысты бүгінде Қытай мен Еуропа арасындағы тауар тасымалы бойынша бұл ең тиімді бағыт. Соңғы жылдары осы бағытта фидерлік қатынас бір ізге қойыла бастады. Мәселен, таяуда «Түркістан» паромы іске қосылды. Бұл тасымалданатын жүк көлемінің артуына оң ықпалын тигізді.

Сарапшылардың айтуынша, Каспий теңізі арқылы өтетін бағыт Қытайдан Ресей мен Беларусь арқылы Еуропаға апаратын дәлізді толық алмастыра алмайды. Десе де бұл бағыт арқылы жылына 200 мың контейнерге дейін тасымалдауға мүмкіндік бар. Осыған орай өңір елдері транзиттік әлеуетке үлкен үміт артып отыр.