Каспий құбыр консорциумындағы апаттан бюджетке шығын келмейді – Энергетика министрі

Бүгін Каспий құбыр консорциумындағы істен шыққан айлақ құрылғыларының бірі қалпына келтіріледі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл туралы еліміздің Энергетика министрі Болат Ақшолақов мәлімдеді. Соның арқасында мұнай өндіру көлемін тұрақтандыруға болады. Қалған екі айлақ 2-3 аптада жөндеуден өтуі тиіс. Сарапшылар Ресей жерінен өтетін мұнай құбырының істен шығуы Қазақстанға үлкен соққы болады деп айтқан еді. Миллиардтаған қаржы жоғалтамыз деп дабыл қақты. Ал бүгін министр бюджетке еш әсері болмайды деп мәлімдеді.

Наргиз Бекмағанбетова, тілші:

- Бүгін Новороссийск портындағы терминалда мұнай тиеуді қамтамасыз ететін бірінші жылжымалы айлақ құрылғысы іске қосылып, арнайы кеме де беріледі. Бұл туралы Энергетика министрі Болат Ақшолақов мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл мұнай өндірудегі айтарлықтай шығыннан құтқарады. Ал консорциумындағы ақауды жоюға кем дегенде 3 апта немесе бір ай уақыт керек екенін айтты.

Болат Ақшолақов, ҚР энергетика министрі:

- Жалпы, 3 жылжымалы айлақ құрылғысы бар. Оның екеуі істен шыққан еді. Тексеру жұмыстарын жүргізу үшін бірінші құрылғынының жұмысын тоқтатқан едік. Әріптестерімізбен ақылдасып іске қостық. Ал Қашаған кен орны екі айға жұмыс істемейді деген шындыққа жанаспайды. Қазір штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Жазда техникалық тексеріс болып, жөндеу жұмыстарын жүргіземіз.

Қазір мұнайды экспорттаудың баламалы жолдары қарастырылып жатыр. Министрдің айтуынша, Атыраудан Самарға дейін баратын мұнай құбыры арқылы «қара алтынды» жөнелтуге болады. Яғни Ресей желісінің жүйесіне қосылу арқылы Қара теңізбен, Балтық теңізіне жететін желімен 7 млн тоннаға дейін  өнімді қосымша жіберуге болады. Бірақ сапасында айырмашылық болатыны хақ.

Болат Ақшолақов, ҚР энергетика министрі:

- Екіншісі, мұнай желісі Ақтау теңіз порты. Кезінде бұл 12 млн тоннаға дейін кеңелтілген. Қазіргі уақытта шектеулі. Бұл порт арқылы 5 млн тоннаға дейін жіберуге болады. Себебі қара теңізден өтіп, Баку жеріне жетіп, одан кейін Қара теңізге дейін жеткізуге болады. Теміржолмен жеткізуге болады. Өкінішке орай теміржол вагондары шектеулі болып тұр.

Министр бұл апаттан бюджетке шығын келмейді деп сендірді. Жалпы Каспий құбыры арқылы ай сайын 4 миллион тоннадан аса мұнай экспортталады.

Еске салайық, Қазақстан қара алтынның 80 процентін осы құбыр арқылы жөнелтеді.

Наргиз Бекмағанбетова, Диас Қовланбаев