Қазақстанда азық-түлік бағасын заңсыз көтеруге қатысты 749 факт тіркелді

Елімізде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын қолдан жасап, көтеру фактілері тіркелді. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары, сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов мәлімдеді.

«Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдеріне рұқсат етілген бөлшек сауда үстемесінен асып кету фактілері, яғни 749 бұзушылық анықталды. Олардың көпшілігі: қант - 40% дейін, күнбағыс майы - 35% дейін, көкөністер - 25%» деп жазды Бақыт Сұлтанов Facebook парақшасында.

«19-25 наурыз аралығында Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының 1,7% - ға өсуі тіркелді жыл басынан бері ӘМАТ бағасының өсуі 9,9% - ды құрады. Бір апта ішінде ең көп қымбаттады: қырыққабат -11%, пияз - 9,3%, қант - 6,3%, картоп - 4,7%, сәбіз - 3,3%, тауық жұмыртқасы - 1,7%», - делінген Үкімет басшысының орынбасары жариялаған ақпаратта.

Еске сала кетсек, Премьер-Министр әлеуметтік маңызы бар тауарларға 15% үстеме бағаның сақталуын бақылауды күшейтуді тапсырған еді.