Астық экспортын шектеу керек – «Атамекен» ҰКП

Қазақстанда бидай бағасы екі аптада 40 процент өсті. Алдыңғы кезекте ұн өндірушілер мен құс фабрикаларының кәсібі тығырыққа тірелуге шақ тұр.

«Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен фермалар астық бағасының шарықтауына алаңдаулы», – дейді «Атамекен» палатасының өкілдері.

Нариман Әбілшайықов, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының міндетін атқарушы:

– Біздің көптеген кәсіпкерлік салалар бұдан қатты зиян көруде. Ең бастысы, бұл наубайхана, екіншісі – мал шаруашылығы, құс саласындағы фабрикаларға да осы қатты әсер етуде. Мысал ретінде айта кетейін, құс фабрикалары қазіргі кезде мынадай мәселе көтеріп отыр, бидайдың бағасы осыдан 2 апта бұрын 120 теңге болса, қазіргі кезде 180 теңгеге өсіп кетті. Бұл проблема біздің кәсіпкерлерді қатты алаңдатуда.

Ресей 15 наурыздан бастап астық экспортына тыйым салды. Шектеу бірнеше айға жалғасады. Мұндай күрт шешімнен еліміздің құс өсірушілері де шикізат тапшылығына тап болды. Ресеймен шекаралас барлық облыста жағдай күрделі екенін ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері растап отыр.

Нариман Әбілшайықов, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының міндетін атқарушы:

– Бүкіл облыстар, Ресеймен шекаралас жатқан, оңтүстік жақта істейтін фабрикалар бұл мәселені көтеруде. Сондықтан тез арада Үкімет тарапынан осы экспорт мәселесін шешу мақсатында жедел шешім қабылдануы қажет деп санаймын. Экспорт мәселесін уақытша жабатын болсақ, шектейтін болсақ, ішкі нарықта баға түседі.

Дәл қазіргі жағдайда астық экспортына квота енгізу немесе уақытша тыйым салу қажет дегенді алға тартады Нариман Әбілшайықов. Мәселені ретке келтірудің тағы бір амалы – Ресейден импортты қайта жандандыру.

Авторлары: Рухани Асқар, Жандос Сұлтанғазы